Ақмола облысындағы мектептерде сотталған адамдар жұмыс істеген
Облыстағы 40 мектепте мұғалімдер біліктілік талаптарына сәйкес келмеген
Ақмола облысының прокуратурасы өңірдегі мектептерге кешенді тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ.
Тексеріс басталғаннан бері санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, қауіпсіздік, құрылыс және басқа да салаларда 200-ден астам заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Облыс прокуратурасының ақпаратынша, мектептерге денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапқа тартылған тұлғалар жұмысқа орналастырылған.
Ауыл мектептерінің бірінің жертөлесінде оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жауынгерлік қарумен оқу атыстары жүргізілген.
Жоғары сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларына буллинг жасағаны анықталды, оны бастаған балалар есепке алынды.
Бірнеше мектепте жалған қызметкерлерге жалақы төленіп келген. Мысалы, қалалық мектептердің біріне директор орынбасарының туысы ресми түрде жұмысқа тұрғызылған, бірақ ай сайынғы еңбекақыны директордың орынбасары өзі алып отырған.
"Бүгінгі таңда білім беру саласында қадағалау актілері бойынша 41 тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жымқыру, құжаттарды қолдан жасау және басқа да фактілер бойынша 19 сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді облыс прокуратурасындағылар.