Марқұм Салтанат Нүкенованың әкесі Тоқаевқа хат жазды
Онда ол қызының өліміне күдікті Қуандық Бишімбаевтың барлық мүлкін тәркілеуді сұрайды
Әкесінің айтуынша, күдікті таныстары мен ақшасын пайдаланып, жазадан сытылып кетуі мүмкін, деп хабарлайды KYN.KZ.
«Бишімбаев сынды шенеуніктер заңсыз мүлікті туыстарына, дәлірек айтсақ, анасына тіркеп тастаған. Оның анасында миллиардтаған қаржы қайдан жүр? Альмира Нұрлыбекованың бизнесін тексеруді сұраймыз»,- делінген хатта.
Еске салайық, бұған дейін сыбайлас жемқорлық бойынша 10 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев 2 жылдан кейін шартты түрде түрмеден босап шыққан.
9 қараша күні БАҚ-та Астанадағы “BAU” мейрамханасында ер адамның әйелін өлімші етіп сабап, өлтіріп тастағаны туралы ақпарат таралды. Бейресми деректерде күдіктінің бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екені айтылды. 10 қараша күні экс-министр 2 айға қамауға алынды.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Нүкенова Салтанаттың туған-туыстары мен жақындары қызымыздың қайғылы өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу барысында әділдіктің сақталуын қадағалағаныңыз үшін сізге ерекше алғысын білдіреді.
Дегенмен, күдіктінің туыстары олардың байланыстары мен материалдық жағдайы Бишімбаевқа тағы да жазадан құтылуға мүмкіндік беретінін ашық айтып отыр.
Белгілі болғандай, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сыбайлас жемқорлық жасады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылып, бірақ 2 жылдан кейін шартты түрде босатылды.
Біздің қазіргі жағдайда да оның жақын туыстары – соның ішінде анасы Нұрлыбекова Альмира Балтабайқызы ұлын бостандыққа шығарып, қылмыстық жазадан алып тастау үшін барлық әдістер мен жолдарды, соның ішінде ақшаны пайдалануы мүмкін деген негізді пікіріміз бар. Бірқатар компаниялардың басшысы, сонымен қатар бірнеше коммерциялық мүліктерге ие бола отырып, ол орасан зор қаржылық күшке ие», – делінген әкенің хатында.