Қоғам

«Күнде басымнан тебеді». Ұлттық ұлан сарбазы әскерде күн сайын таяқ жейтінін айтты

20 жастағы Сапархан Қауынбай Алматы облысындағы Ұлттық ұланның әскери бөлімінде борышын өтеп жүр

20 жастағы Сапархан Қауынбай күн сайын таяқ жейтінін айтып берді, деп хабарлайды KYN.KZ.

«Бізден алты ай бұрын келген «старшактар» ұрады. Бастан ұрады, тебеді. Ойларына келгенін істейді. Қорқып жүрсін деп ұрады. Аптасына дәрігерлер тексереді. Бірақ басты қарай бермейді. Тез-тез өткізіп жібереді», – дейді Сапархан Қауынбай.

Әкесі Ғани Алтаев прокуратураға шағымданған. Өйткені баласы бір-екі күн бұрын үйіне келгенде талып қалған.

Осы шағымнан кейін Сапархан Қауынбайды басқа бөлімге ауыстырған. Бөлім командирі мұндай әлімжеттік бар екенін жоққа шығарды.

«Мұндай теріс қылықтар жоқ. Сарбаз тарапынан да, әскери қызметкерлер тарапынан да қысым жоқ. Әскери тергеу басқармасы анықтай жатар. Бірақ мен командир ретінде ондай фактілер жоқ екенін растаймын», – дейді № 3660 әскери бөлімінің командирі Жанкелді Әбдіқадыров.