Павлодарда экс-прокурор алаяқтық жасағаны үшін сотталды
Айыпталушы облыстың екі тұрғынына мәселелерін шешуге көмектесуге уәде берген
Экс-прокурор басқа аймақта алаяқтық жасағаны үшін сотталған, бірақ мерзімінен бұрын босатылған, деп хабарлайды KYN.KZ.
55 жастағы экс-прокурор екі адамға көмектесуге сөз берген,олардың біріне қатысты экономикалық тергеу департаменті қылмыстық қудалау жүргізсе, екіншісі мал ұрлығы үшін жазаға тартылған.
Павлодарлық тұрғын туыстарына өзінің «заңгер және сот пен прокуратурада байланысы бар адам» екенін айтқан. Ер адам мәселені шешуге және тергеудегі адамдарды босатуды уәде еткен. Бірінші жағдайда өзінің қызмет ақысын 10 миллион 77 мың теңгеге, екіншісінде сегіз миллион теңгеге бағалаған. Қажетті соманы жинау үшін айыпталушылардың туыстары несие алып, мүлкін сатқан.
Қылмыстардың қайталануын ескере отырып, павлодарлық екі бап бойынша кінәлі деп танылды: 430-баптың үшінші бөлігі «сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау», 190-баптың үшінші бөлігі – «алаяқтық». Экс-прокурор сот барысында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.