Биылғы жылдың басты ерекшелігі 20 желтоқсанға дейін тіркелген азаматтар ғана қажылыққа бара алады, деп хабарлайды KYN.KZ.
"Себебі Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің талабына сай, "Қажылық-2024" маусымы бойынша белгіленген уақытқа дейін қажылар тіркеліп біткен елдерге қажылық орындары берілмек.
Яғни, 20 желтоқсанға дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне (қонақ үй, Мина мен Арафат қызметтері) қаражатын төлеген кісі санының көлеміне сай, Қазақстан азаматтары үшін қажылық орындарының саны анықталады", - дейді ҚМДБ өкілдері.
2024 жылы 17 туроператор қажылыққа ниет еткен отандастарымызға қызмет көрсету құқығына ие болған.
"Демек, конкурстан өткен 17 туроператор қажылардың қауіпсіздігіне, оларды Мекке-Мединаға апарып-әкелуге, қонақ үй және ас-сумен, транспортпен қамтамасыз етуге және тиісті құжаттарын рәсімдеуге міндеттеледі", - дейді ҚМДБ өкілдері.