Қоғам

Шучьеде жылу батареясынан мазут аққан үй тұрғындары енді суықтан қалшылдап отыр

Қазір су орнына батареяларына мазут толған халық үйінің суып кеткеніне шағымдануда

Энергетика министрлігі Шучье қаласында жылу батареяларынан су емес, мазуттың аққанынан еш әбестікті байқамады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

  Курортты аймақтың  зәре-құтын қашырған қап-қара, ыстық қоймалжыңның пәтер мен мектеп батареяларына қалай жеткенін тек сараптама біткен соң ғана айтылады.

"Бұл жерде айтарым, дүрлігудің қажеті жоқ. Арнайы сараптама тағайындалды. Мазуттың батареяларда қалай болғанын анықтап жатырмыз. Бұл жүйеден бір ақау кетті деген сөз. Адам денсаулығына еш әсері жоқ екенін ғана айта аламын",-деді Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика вице-министрі.

Арқаның сақылдаған сары аязына қазірден шыдас бермеген Шучьенің жылу құбырларын жауапты министрлік тексеруді бастап кетіпті. Қолаңса иіске бөгіп бар жиһазына қап-қара күйе жағылған тұрғындарға жуырда мұндай қателікке кімнің жол бергенін айтамыз деп отыр.
Еске салсақ, бір апта бұрын Шучье жұртшылығы үйдегі құбырында жиналған ауаны шығармақ болып бұрандасын ашқанда ыстық, қап-қара қоймалжың шыққан. Кейіннен оның мазут екені белгілі болған. Қазір су орнына батареяларына мазут толып қалып берекесі қашқан халық үйінің тастай суып кеткеніне шағымданып отыр.