Қоғам

Бадамда мүгедектер мен көпбалалы отбасылар қоқыстың арасында тұрып жатыр

Аудандық шенеуніктер биыл көктемде үлкен алаңша саламыз деп сол күйі жоғалған

Түркістан облысында мүгедектер мен көпбалалы отбасылар қаңғыбас иттер мен қоқыстың арасында тұрып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ. тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Ордабасы ауданындағы Бадам ауылында екі жыл бұрын коммуналдық үй пайдалануға берілген. Бірақ іргесіне қоқыс контейнерінің орнына кішігірім шұңқыр қазып беріпті. Оған қаңғыбас иттер үймелеп, айналаны әбден лаңдаған.
 

Ал кәріз жүйесі болмағандықтан тереңдігі бір жарым метрлік септик қазып беріпті. Ол апта сайын аузы-мұрнынан шығып толып, лддас нәжіс суы айналаны басып жатыр. Бадам ауылындағы көпқабатты бұл үй мүгедектер, жарымжандар мен көпбалалы отбасыларға былтыр берілген. Жылдап кезекте тұрған тұрғындардың бірақ қоқыс төгер орны жоқ. Тұрмыстық қалдықтарын кішкентай шұңқырға апарып тастайды. Оған қаңғыбас иттер жиналып, жан-жағы ластанып жатыр. Үй бергендер оған қоса кәріздің орнына бір жарым метрлік шұңқыр қазып беріпті. Әр 4-5 күнде толып қалатын шұңқырдан шыққан нәжіс қазір түгел даланы алып жатыр.

"Басында септик бір жарым метр болды. Одан кейін 5 метр ғып өзіміз қаздық. Қазғанымен бәрібір осы боп тұр ғой. Иісі дейтін әлемді алады. Сәл күн шықса, қызса. Қоқыс сол шашылып жатыр. Сіздер қарда кеп қалдыңыздар, мына жақтың бәрінде мусор шашылып жатыр әйтпесе. Осы жерге өртеп отырмыз. Иә, қаңғыбас иттер көп. Түнде жүреді есік алдында оншақты оншақты боп",-деді Серік Срайыл.

Ал балалар ойын алаңында мына тозығы жеткен темір әткеншектен басқа ештеме жоқ. Аудандық шенеуніктер биыл көктемде үлкен алаңша салып береміз деп сол күйі жоғалған. Мұндағы тұрғындар қыс түскенде сусыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Себебі, былтыр Таза су мекемесі әр үйден 7 мың теңгеден ақша жинап, су есептегіш құрал орнатпақ болған. Бірақ ол да жоқ. Ал, аудандық әкімге жандайшаптары жолатпайды дейді жиналғандар.

"Әкімшілікке бардық, кіргізбей жіберді. Қасымда екі келіншек бартұғын, үшеуміз барғанбыз. Кіргізбеген соң қайтып кеттік. Келіп отырғанымыз сол еді ертесіне азанда Алтыншаш деген деген кеп тұр ойбай ақшасын төлеңдер болмаса суды қырқып кетеміз , кім ақша береді соның суын өшірмейміз, қалғанын өшіреміз деп",-деді Қалдархан Дүйсебай.

Тұрғындар шулаған соң ауыл әкімінен бастап, аудандық шенеуніктерге дейін жетіп келді. Сөйтсе, мұндағы тұрғындардың мәселесін ешқайсысы білмейтін болып шықты. Десе де, суға жауапты мамандар осыған дейін болмаған құрылғыны қоятын болды. Ал, сасып жатқан кәріз жүйесін келесі жылдан қалмай түбегейлі шешпекші.