Ұлттық қордан төлемді қандастар мен шетелдік азаматтардың баласы қалай алады
Ұлттық қордың ақшасы балалардың шотына 1 ақпанда аударыла бастайды
Аталған қаржының нақты көлемі әзірге белгісіз, дегенмен 18 жасқа дейін жинақталған қаржыны олар баспана мен білім алуға жұмсауға болатыны мәлім, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Тіпті шетел университетіндегі оқу ақысын төлеуге де рұқсат етілген. Қаржы министрлігінің брифингісінде қандастар мен шетелдік азаматтардың балалары қандай жағдайда Ұлттық қордан төлем ала алатыны да айтылды.
"Егер бала ҚР аумағынан көшіп ҚР азаматтығын жоғалтқан жағдайда немесе ҚР азаматтығын жалпы көшпей де жоғалтқан жағдайда ол балалардың төлем алу құқығы тоқтатылады. Егер де басқа мемлекеттен келген азамат бола ма, біздің қандас есебінде келген азамат бола ма, олар осы ҚР аумағында Қазақстан азаматтығын алған сәттен бастап Ұлттық қордан төлем алу мүмкіндігіне ие болады. Сол келген кезінен бастап",-деді Айбол Арғынғазин, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры.
Министрліктің мәліметіне сай, қазір елімізде осы қаржыдан үмітті 7 миллионға жуық бала бар. Соның 200 мыңнан астамы келер жылы кәмелетке толып, қаражатын тиісті тәртіппен кәдесіне жарата алады. Бір айта кетерлігі жиналған қаржыны ем-домға жұмсауға рұқсат жоқ. Жалпы төлем жыл сайын доллармен бір рет жасалып, 10 жыл бойы сақталады. Ал бала 18 жасқа толғанға дейін қайтыс болса, сол уақытқа дейін аударылған жинақ ата-анасына беріледі немесе бауырларының арасында бөлінеді. Жалпы Ұлттық қордан бала шотына түсетін ақша мөлшері мұнай бағасы мен Ұлттық банктің инвестициялық саясатына байланысты болмақ.
"Ата-аналардың негізгі тексеретін екі көзі болады. Ол ,бірінші ,электронды үкіметтің порталы, БЖЗҚ порталы. Мәселен БЖЗҚ, мысалы, ЖСН теру арқылы көрінетін болса, ал электронды үкімет порталында әр ата-ананың жеке кабинетінде көрініп тұрады.Ең бастысы, ата-аналарға біздің өтініп сұрайтынымыз, балаларының жеке құжатына жіті назар аударуы",-деді Айбол Арғынғазин, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры.