Кентауда дауылдан жылу энергоорталығы істен шығып, аяздан газ қатып қалған
70 мың тұрғын жылусыз отыр
Кентау қаласы жылудан ажыратылды. Дүлей дауылдан шағын шаһардағы электр желілері үзіліп, жылу энергоорталығы істен шыққан. Ол аздай, қара суықтан құбырлардағы газ қатып, 70 мың тұрғын көгілдір отынсыз отыр. Секундына 66 метр жылдамдықпен соққан желден Кентаудағы бүкіл білім беру мекемелері уақытша жұмысын тоқтатты. Қаладағы коммуналдық мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді,деп хабарлайды KYN.KZ сайты КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Кентауда күшті желдің кесірінен жылу жоғалды. Секундына 66 метр жылдамдықпен соққан дауыл қаланың астаң-кестеңін шығарған. Ұшқан шатырлар, электр желілерін үзіп, жан-жақта шашылып жатыр. Адам шығынынан қорыққан билік білім беру мекемелерінің жұмысын тоқтатып, оқушыларды онлайнға көшірді. Сорақысы қара суықта тұрғын үйлер жылусыз қалды. Қаланың басым бөлігінде электр жарығы жоқ. Баспаналардағы ауа температурасы 15 градустан аспайды. Тұрғындар амалсыз балауыз шамның болмашы жылуына жылынып отыр.
"Жылуды мен қазір осы жерге келгеніме 5-6 жыл дейін, 5-6 жылдан бері мен жылу көрген жоқпын бұл үйден. Батарейкамыз өмірі мұздай. Бір жылы батарея көрген жоқпын. Мен ТЭЦ-тің бүкіл адамын шақырдым. Бірақ ешқандай жауап ала алмадым ол жақтан. Өзімнен көреді. Үйге қойып қойған термометр дейміз ғой соған қарайды да болды үйің жылы деп",-дейді Гүлдариға Құрмантаева.
Электр жарығы бар үйлердің өзінде жылу жоқ. Өйткені қаладағы жылу энерго орталығына тәуелді. Одан келетін жылу тұрғындарды түгілі, батареяларды қыздырып жатқан жоқ. Сондықтан, кондиционерден бастап, электр жылытқыштың бәрін қосқан тұрғындар бөлмеде отырса да далада жүргендей қымтануға мәжбүр.
"Осындай суықта отырмыз. Қалың киініп жатырмыз. Жүн нәски киіп жатырмыз еще. Жылу бір аптадай болды ғой осындай суықта отырмыз. Батареямыздың бәрі мұздай міне. Анау печканы қосып отырмыз",-дейді Кәрімбекова Махсуда.
Ескірген жылу орталығына тәуелділікті азайту үшін биыл Кентауға газ жүргізілген болатын. Жергілікті басшылар енді жер үйлер автономды пештерге қосылып, тоңбайтын болды деп есеп берген еді. Бірақ, қара суықтан құбырдағы көгілдір отын қатып қалған. Сондықтан, Кентаудағы жер үйлердің тұрғындары да тоңып отыр.
"Жер үйлердің бәрінде автономка бар. Оларда да осындай газ жоқ. ТЭЦ-тікін қосқандар оларда да жылу жоқ. Вообще Кентау қиын қала болды. Ешқандай ештеңе жоқ Кентауда уже",-дейді Берік Оңалбаев.
Кентаудағы жалғыз жылу энерго орталығы соңғы 10 жылда жарытып жұмыс істемеді. Былтыр үкіметтік тексерістен кейін миллиард теңге бөлініп, қазандығы мен жүйесі біраз жөнделген еді. Бірақ, кеше орталықта электр жоғалып, өзі істеп тұрған 4 қазандық түгел тоқтапты. Одан қайта қосылғанымен жылуды мардымды бере алмай жатыр. Күндіз түні апаттың салдарын жоюмен жүрміз деген жауаптылар жылудың жоқтығына тұрғындардың өздерін кінәлады.
Әзірге Кентаудағы жарығы сөнбейтін жылуы жоғалмайтын жалғыз орын дербес генераторы бар қалалық аурухана ғана болып тұр. Қалған жерде электр мен жылуға жарымай отыр. Синоптиктерге сенсек алдағы бірер күн күшті желмен қара суық жалғасатын болады. Сондықтан, апта соңына дейін тұрығндардың дірдектеуіне тура келмек.