Қоғам

Атырау облысында жылусыз қалған ауыл тұрғындары үйін тастап кетуге мәжбүр

«Қазан айында газ келеді» деп сендірген жауаптылардан сол күйі жауап жоқ

Отынсыз отырған балалы-шағалы отбасылар амалсыз ауылдағы баспанасын тастап аудан орталығыннан үй жалдап жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Мақат ауданына қарасты ауыл тұрғындарының дені – теміржолшы. Қара суықта ауыл халқы отынның жоқтығынан жылусыз отыр. Өйткені әкімдердің көгілдір отынды қосамыз деген уәдесіне сеніп қалған. Шағын ауылдың тұрғындары 50-ге жеткенде жергілікті әкімдік іргедегі газ құбырынан ауылға көгілдір отын тартқан. Өмір бойы көмір жағып келген жұрт қуанғаннан бар ақшасын санап беріп, үйіне жағалай құбыр жүргізіп алыпты. Тіпті көмір пешін бұзып, үйіне жылыту жүйесін де орнатып тастаған. Алайда «қазан айында газ келеді» деп сендірген жауаптылардан сол күйі жауап жоқ.

 «Жылу берілгенше, «қазанның 15-іне дейін, ауылдарыңызға газ кіргізіледі, жүргізіледі» деп, әр үйге жүйесіне дейін кіргізіп қойды. 220 мың теңгеден үй басына ақша төледік. Енді міне, желтоқсанның он бесі болды, газ жүргізілген жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Гүлсім Әділова.

Ал от жағатын ескі пешін бұзбағандар тезек теріп, қалған-құтқан ағашты жағып жан сақтауда.