Бапкер: "Ақшаға құныққан федерация басшылығы бізді Қаңтар оқиғасында далаға тастады"
Су добы бапкері Марат Қайратұлы ҚР Су спорты түрлері федерациясының бар былығын жайып салды
Марат Қайратұлы Наурызбеков - ҚР Су спорты түрлері федерациясында «Су добы» спорты бойынша әйелдер құрамасына аға жаттықтырушы қызметінде болған. Кезінде өз жұмысымның нәтижесін абыроймен көрсете алдым, бірақ еңбегім бағаланбады деген бапкер, бүгінде Ресейге жұмысқа кеткен. Сөзінше, Қазақстандағы өзі қызмет еткен федерация басшылығынан түрлі қысымдар көрген. Жұмысын жалғастыруына намысты қазақ болғаны кедергі болыпты. «Өз елімде ұлтым қазақ болғаны үшін сүйкімсіз болдым» дейді бапкер.
Ол Су спорты федерациясындағы әділетсіздіктерге шыдамағандықтан “өз еркімен” жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Тіпті, ақша үшін басшылық жаттығу жұмыстарына өздерінің фитнес-клубтарын жалға беретінін, қанды Қаңтар оқиғасында басшылық өздерін далаға тастап, «Жаттығуға барыңдар, қандай қырғын болса да қонақ үй, дайындық залының ақшасы төленіп қойған» деп бұйрық беріп, спортшы қыздардың басын бәйгеге тіккеніне ашулы.
Толығырақ KYN.KZ тілшісі алған төмендегі сұхбатта.
Марат Қайратұлы, қалыңыз қалай? Шетелдегі жаңа жұмысыңыз, қызметіңіз қалай? Қиын емес пе?
Марат Қайратұлы: Саламатсыз ба? Менде барлығы жақсы. Бұл жерде де сол Қазақстанда істеген жұмысым, сол жауапкершілік. Барлығы да жақсы.
ҚР Су спорты түрлері федерациясынан не себепті және нақты қай кезде жұмыстан шығып кеттіңіз?
Марат Қайратұлы: 2017 жылдан бастап «Су добы» спорты бойынша әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс істедім. 2022 жылдың 31 желтоқсанында федерация басшылығымен келісе алмай, жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болдым. Оның себептері өте көп. Соңғы 6 жылда Сергей Дроздов мені жұмыстан 3-4 рет шығарды. Ол кісі біздің федерацияның бас хатшысы. Олар менің ізіме түсіп, оқу-жаттығу жұмыстары кезінде кемшілігімді табу үшін жасырын видеолар жазғызды. Мысалы, жаттығу кезінде түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Мені бір балағат сөздер айтып, ерсі қылыққа барып қояды деп, сондай жағдайды түсіріп алғылары келген болуы керек. Әлем чемпионаттарында арадағы үзілістерде бізді үнемі видео камера түсіріп жүретін. Сондай сәттерде қыздарды жігерлендіріп сөйлеген видеоны Дроздов министрліктегі жауапты адамдарға апарып көрсетіп, мені қатал бапкер ретінде көрсеткен. Ондай жарыстарда адам эмоцияда болады, қыздарды сілкіп алу мақсатында, әркімнің психологиясына сай «оятатын» сөздер айтамыз. Сондай жерлерде арандап қалады деп ойласа керек. Бірде спортшы қыздардың бірі комнданың кеңесу сәтінде мені видеоға түсіріп тұрды. Сұрасам «Кітап оқып тұрмын» дейді. Ол біреудің айтуымен мені түсіріп тұрғаны анық. Өйткені менің жұмысымда нәтижелер жақсы болды. Басқа себеп таппады. Бірақ, мен өз жұмысыма қатысты кемшіліктерді үнемі ашық айтатынмын. Сол себепті басшылыққа ұнамадым.
Сіздің сөзіңізше ізіңізге түсіп алған Сергей Дроздов, ол - бас хатшы. Ал федерация президенті Андрей Крюковтың өзімен сөйлесіп, мәселені айтып көрдіңіз бе?
Марат Қайратұлы: Ол кезде Андрей Крюков бірнеше жерде жауапты қызмет атқаратын. Крюков бас хатшы болған кезде біздің жағдайымыз жақсы еді. Ол кісі халықаралық Су спорты федерациясында, Ұлттық олимпиадалық комитетте, Азия федерациясында қатар қызметте еді. Уақыты болмағасын, бізге көңіл бөле алмайтын. Крюковтың Су спорты федерациясындағы барлық жұмысын өзінің досы әрі орынбасары Дроздовқа тапсырып қойған. Дроздов мені жұмыстан шығарса, Крюков мені қайта алатын. 2011 жылдан бері мен жастар құрамасында бапкер болып жұмыс істедім. Бұл шайқастың басы сол жылдардан басталған. 2016 жылы ғана қыздар құрама командасына бапкер болдым. Осыдан кейін барып Ұлттық құрамаға ауыстым. Бұндай зор қысыммен жұмыс істеген сәтте нәтиже болмайды. Ортаға сыйсыз әрі сырттан кім қандай арандатушылық жасап қалады екен деп сескеніп, әрі қысылып жұмыс істеу мүмкін емес. Содан кейін мен өзім барып, қол алысып, бейбіт жолмен жұмыстан кетуге шешім қабылдағанымды айттым.
Жақсы нәтиже көрсетсеңіз неге сізді қудалайды? Қайта пайдаланып, абыройларын көтеріп алмайды ма?
Марат Қайратұлы: Жоқ, ол жерде тағы бір мәселе бар. Оларға ұлтымның қазақ болғаны жақпады. Немесе мен екінші адам, яғни бағынушы, бастықтың айтқанын орындайтын, өз пікірі мен талабын қоймайтын қазақ болуым керек еді оларға. Ол жерде «ақылды, талапшыл, өз құқығын білетін, өзіндік пікірі бар» қазақтар сыйыспайды. Олардың талабынша қазақ жаттықтырушысы өз пікірін білдірмейтін “момын” болуы керек. 2 рет Азия ойындарын жеңдік. Жақсы нәтиже менде ғана болды. 2018 жылы Азия ойындарындағы менің дайындаған командам көрсеткен нәтиже бойынша маған ҚР Су добы бойынша Еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын беруі керек еді. Мен бір де бір легионер қоспай, өз қыздарымызбен нәтижеге жетткіздім. Легионер керек емес, олар келеді кетеді, біз базасыз, мамансыз қаламыз дейтінмін. Бұл ұсынысым да еш қолдау таппады, басшылыққа ұнамады. ҚР Еңбек сіңірген бапкер атағын маған бермейтіндерін ашық түрде айтты. Федерация оны маған ерте деп бермеді. Бірақ өздерінің кезінде бәрі де осындай атақтарды алып алған. Тіпті ешқашан команданы жаттықтырмаған төрешілерге дейін осы атақтары бар.
Мен сізге айтайын, дәл осы ҚР су спорты түрлері федерациясында ешқандай бапкер, ешқандай жаттықтырушы іштегі мәселені көтере алмайды. Мен барлығын ашық айтып жүрдім. Бұл жерде шыншыл, талапшыл болған Дамир Дәулетұлы Темірханов қана. Ол кісі де үнемі жұмыс жүру үшін, нәтижелі болу үшін бұғып қалмайтын. Барлығы қуылып кетуден қорқып, басшылықтың ығына жығылып күн көріп жүр. Олар бар әділетсіздікті өз арасында, сенген адамға ғана сыбырлап айтып үйренген. Барлығы да басшылықтан кәдімгідей қорқады. Мұның барлығы менің жүйкемді тоздырып, шаршатты. Дроздов қазақ жаттықтырушыларын ашық жек көрді. Сол себепті қай жағынан болса да барынша төмендетуге тырысатын. Жаттығу мен ішкі мәселелерде ойымды, ұсынысымды айтсам, ешқашан мақұлданбайтын. Ондай жерде жұмыс істеу әрине психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Шыдам мен намыс шегіне жетті.
Сіздер «Рахат фитнесте” үнемі жаттығу жұмыстарын жасайтын едіңіздер? Қазір де дайындық жаттығулары үнемі сол клубта. Неге нақты сол жер? Ол спортшылардың жаттығу жасауына ыңғайлы ма? Өйткені ол жерде қала тұрғындары да жаттығып жүреді. Сіздер оларға, олар сіздерге кедергі келтірмейсіздер ме?
Марат Қайратұлы: «Рахат фитнеске” баратын себебіміз, министрлік ол жерді жалға алып береді. Сол себепті, сонда жаттығуға мәжбүрміз. Мен сол жердің ыңғайсыздығын айтып сүйкімсіз болдым. Ол жерде дауыс көтеріп команда бере алмаймыз. Келушілерге ыңғайсыздық тудырамыз. Қатты ысқыра алмаймыз. Ол да тыныштықты бұзады. Одан қалды, судың 8 жолағы бізге жалға алынған болса, кейде 4 жолаққа ғана түсу керек. Өйткені фитнес клуб клиенттері ақысын төлегендіктен, олардың да суға түсіп жатығуға қүқығы бар. Мын жерде біз жаттығып жатсақ, қыздарды алаңдатып музыка қойылады. Енді ол фитнеске келген адамдарға жасалған ыңғай. Сондықтан барынша амалдап қана жаттықтырдым.
Ал негізі қай спортты алсаңыз да бүкіл әлемнің спортшылары өз алдына бөлек жаттығуы керек. Сол жерде де Дроздов мені аса дөрекі деген сияқты мінездеме жазғызып алған сәттер болды. Ал анығында Ұлттық құраманың бұл жерде жаттығуына мүлде болмайды. Менің болжамым бойынша 18 күндік құрама команданың жаттығуына 8-10 млн теңге төленеді. Ол ақшаны әрине министрлік төлеп жатыр. Одан көп болмаса аз емес. Тағы бір айта кететін жайт бұл «Рахат фитнес” орталығы біздің федерация президенті Андрей Крюковке тиесілі. Мен жаттығудың дұрыс өтпегенін, кедергілер мен тыйымдарды айтып, бастықтарға көп кірдім. Содан жақпай қалдым. Ол кісілерге айтқанға көнгіш адамдар ұнайды.
Марат Қайратұлы, басшылық дәл осы фитнес-клубта жаттығу сағаттарын толтыру мақсатында «Қанды қаңтар» оқиғасы кезінде, команда мен бірге өзіңізді жаттығуға баруға мәжбүрлегенін айтып қалдыңыз. Сонда Қаңтар оқиғасы болып жатқан қанды қырғын кезде сіздер әдеттегідей жаттығып жүре бердіңіздер ме? Қалай қатынадыңыздар?
Марат Қайратұлы: Ия, ақшаға құныққан федерация басшылығы далада қантөгіс болып жатқан тұста бізге жаттығуға бұйрық беріп, өздері жылы әрі қауіпсіз үйлерінде жатты. Барлығы өз үйінде ыстық шай ішіп жатқан кезде мен және командадағы қыздар қонақ үйде жанымызды шүберекке түйіп отырдық. Біз жатқан «Плаза» деген қонақ үй Абай көшесінде болды. Жол бойындағы ғимараттың барлығы сағат санап қиратылып, адамдар өлтіріліп, бүлік болып жатты. Сонда да өмірімізді қауіп-қатерге тігіп, Дроздовтың опасыз бұйрығын орындау үшін жаттығуға шықтық. Сол кезде көшеде жүргендер бізді қоршап алып, тоқтатпақ болды. Әрең құтылдық. Қонақ үйге келіп, жаттығуға бармайтынымызды айттым. Сол кезде Дроздовқа қатты айттым. Адам өмірі ойыншық емес екенін түсіндіруге тырыстым. Содан бағынбай 1 апта жаттығуға бармай не үйімізге қайта алмай жаттық сол қонақ үйде. Соңғы күндері ол жерде де азық-түлік таусылып, аш қалдық. Әйелдер мен ерлерден құралған біздің спортшылар, мен, жүргізуші, қонақ үй күзетшісі қалдық сол жерде. Жүргізуші, мен, күзетші үшеуміз қонақ үйдің ішіндегі спортшылармен қоса күзеттік. Не интернет жоқ. Басшылыққа «бұл жерден алып кетіңіздер» дедік.
Жоқ, олар жалға алынған уақыттың ақшасын алып, өзара бөлісіп қойған деп санаймын. Ол пікірімді ашық, батыл айтамын. Министрлік спортшылар дайындалсын деп алдын ала «Рахат фитнеске” жалға алу ақысын аударып қойған ғой. Оларға сол есеп маңызды болды. Форс-мажорлық жағдай дегенді алға тартқан, біздің өмірімізді ойлаған ешкім болмады. Жан ұшыра көмек сұрасақ та елеусіз қалдырды. Ақша үшін қанды қақтығыс ортасына тастап кетті, ашық айтқанда. Қонақ үйде неше түн ұйықтамадық. Түн ортасында бұзақылар кіріп, білгендерін істеуі мүмкін еді. Федерация тек «жаттығуға барыңдар» деп тапсырма берумен болды. Жауапты басшы болса «өздерің қалайсыңдар, тамақ бар ма? Бәрің түгелсің баэе?» деген мәселені ойлаушы еді. Жоқ, біздің басшылық тіпті жағдай сұраған жоқ. Бұл қаншалықты адамгершілікке, жауапкершілікке жатады? Осы жағдайды қай құзырлы орган тексере алады? Біздің жаңа құрылған туризм және спорт министрлігінің басшылығы білуі, тиісті нәтиже шығаруы керек деп санаймын.
Қазір соңғы 2 айдан бері Ресейде жұмыс істеп жатырсыз. Жұмыссыздықтан бардыңыз ба әлде өздері шақырып, өзіңіз қалағандай талаптарыңызды орындап, өзге елде еңбегіңіз бағаланып жатыр ма?
Марат Қайратұлы: Ресей Чемпионаты әлем бойынша Су спортында бірінші орында. Мені жұмысқа өздері шақырды. Екатеринбург қаласындағы Су спорты клубына Спорт директоры және Бас бапкер қызметіне мені өздері шақырды. Айлығым Қазақстандағыдан 5-6 есе көп. Қазақстанмен салыстыратын болсам Ресейде спорттың бұл түрі аса дамып кеткен. Бізде бір ғана Ұлттық құрама бар, олармен бәсекелесетін қарсылас жоқ. Бізде ішкі чемпионаттар жоқ. Ішкі бәсекелестік, басқа командалар мүлде жоқ. Аймақтардан ешкім шықпайды. Бұл да федерацияның дұрыс жұмыс істемейтіндігін көрсетеді.
Қазақстанға қайтып келгіңіз келмейді ме? Мүмкін сізді қайта шақырып қалар?
Марат Қайратұлы: Әрине, Қазақстанға қайтып келемін. Мен өзге елде қаңғырмай, өз еліме оралғым келеді. Жұмыстан өзім кеттім. Ұлттық құрамадан кеткен кезімде мүлде жұмыссыз қалдым деп айта алмаймын. Таразда біраз жұмыс істедім. Ресейде тәжірибе жинағаным да дұрыс қазір. Отбасым әлі Қазақстанда. Сондықтан түбегейлі кеттім деп айта алмаймын. Су добынан Қазақстанда менің жаттықтырған командам өте жақсы нәтиже берді. Бірақ ол жалпы Су спорты нәтижесіне келгенде көрінбей қалды. Ресейлік клуб менің нәтижеме қарап шақырып отыр. Әйтпесе бұл жерде де мықты мамандар бапкерлердің өзін қатаң сыннан өткізеді. Мені бекерге алдырып отырған жоқ деп ойлаймын.
Сұхбатыңызға рахмет, еңбегіңіздің жемісін көріңіз!