Шымкентте дәрігерлер аллергиядан терісі іріңдеп кеткен әйелді аман алып қалды
Науқас әйел 5 күн бойы ауырған
№2 ауруханаға 54 жастағы науқас жеткізіліп, халі мүшкіл пациент бірден жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды KYN.KZ.
Науқас денесінің барлық жерінде іріңді бөртпелердің бар екенін айтып, денесі қызғанын, басы айналып, құсатынын айтты.
«Науқас дертін тамақ немесе шаң-тозаңнан көрмейді. Ол қытайлық дәрігердің қабылдауында болып, әртүрлі шөптік тұнбалар қабылдаған, жақпа майлар қолданған. Емінің төртінші күнінде жоғарыда айтылған шағымдар пайда болған. Келген кезде терісінің 90%-ы зақымдалған. Терісі күйік шалғандай бөртіп қызарған, кей жерлерін іріңді бөртпе басқан. Беті, көзі, қолдары ісінген», - дейді емдеуші дәрігері Жанат Төлебайқызы.
Науқасқа жансақтау бөлімінде 2 апта бойы ем жасалды. 3 сеанс гемофильтрация арқылы қаны тазартылды. Содан кейін палатаға ауыстырылып, қабынуға және интоксикацияға қарсы десенсибилизация ем қабылдады. Қазіргі таңда әйелдің жағдайы жақсы.