"Әйелді өлтіруге болады": "Қазақ әдебиеті" жариялаған әңгіме оқырманның ашуын туғызды
«Қазақ әдебиеті» порталы жариялаған «Шайтанның торы» әңгімесі оқырмандардың қарсылығына ұшырады
Алдымен «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Дәурен Қуат әңгіменің сайтқа шыққаны жөнінде «Фейсбукке» жазды, деп хабарлайды KYN.KZ.
Редактордың «қазір қатын құтырған заман болды» деген сөздері оның феминизм ұғымына қарсы екенін ұқтырды.
«Қазір әйел мәселесіне әдебиет те жанығып кірісіп кеткен. Әйелдің еркіндігін, бостандығын, қалағанын істеп қақшаң қағуға ерікті екендігін жазатын жазушылардың феминизм тақырыбындағы шығармалары Батыста да, Шығыста да өтіп тұр. Ащы айтып ауыз былғағың келмейді, алайда айтпасқа және әддің жоқ: қазір қатын құтырған заман болды. Ерінің бетінен арс етіп ала түсу, көкайылданып шапшып сөйлеу – екі әйелдің бірінде бар мінез. Оның сыртында лас жүріске салынып, ер-азаматының қара басын қорлап, намысын таптап біткендер турасында сөз қозғамасақ та болады.
...Кейде шағын әңгіменің өзегінде үлкен идея, мағыналы ой жатады. Төмендегі әңгімені оқыңыз, міндетті түрде оқыңыз. Сонда сіз бүгінгі адамзат қоғамында «енді кім кімнен қорғануы керек?» деген сұрақ туа бастағанын сезінесіз...»,- дейді Дәурен Қуат.
Әңіменің қысқаша мазмұнына келсек, іссапардан оралған еркек көзіне шөп салған әйелін өлтіріп тастайды. Ал құқыққорғау органдары, басқа да қатысушылар жеңіл жүрісті әйелді жазғырып, еркекті түсінгендей, қолдағандай кейіп танытады.
Оқиға желісін жақында болған Қуандық Бишімбаевтың трагедиясына ұқсатып жатқандар болды. Сондықтан, мұндай озбырлық еш ақтауға жатпайды деп жазды көбі.
Проза авторы - Сайлау Төлеуов. Әңгімені оқыған адамдардың пікіріне тоқталсақ. Киносыншы, аудармашы Әсия Бақдәулетқызының қызу талқыға түскен жазбасы.
«Ал, мынандай әңгімелер арқылы,"ойбай, тамаша жазыпты" деп мақтау арқылы қоғамға "азаматтық арың үшін бір қатынды өлтірсең ештеңе емес" деген улы түсінік сіңіреді. Мұнда "азаматты" әспеттеумен бірге әйелді дегуманизация жасау жүреді. Жыныс белгісі бойынша алалау деген сол. Ал ертең осындай пропагандаға тойып алған жігіттер әйелдерін ұрып өлтірсе жаңағы ақыл айтқыштар бара ма түрмеге? Жоқ, әрине. Сондықтан жыныстық теңсіздік негізіндегі қылмысты насихаттаудың орнына адам құқы сияқты универсал құндылыққа ұмтылайық та. Онсыз да түнекпен алысқан жұртты қараңғылыққа қамамасаңдаршы. Мынандай улы түсініктер еш жазғырусыз, ашықтан-ашық насихаттала берсе онда түңіле беруге болады », - деді Әсия.