Мәдениет

Мейрамбек Бесбаев: 2023 жылы өнердегі жақындарымыздан айырылып қалдық

Әнші жақын адамдарының бақилық болғаны жүрегіне ауыр тигенін айтты

Әнші көз алдында жүрген жақын адамдарының бақилық болғаны жүрегіне ауыр тигенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ.

Мейрамбек Бесбаев өнердегі жақындары жайлы естелігін "Ұйқым келмейді" бағдарламасында айтты. Өнер иесі жақында түсінде марқұм Арман Дүйсеновты көрген екен. "МузАрт" әншісі белгілі композитордың парақшасын қайта іске қосуға ұсыныс жасағанын жеткізді.

"Көзіміз көрген, өнерге қызмет еткен достарымыздың арамызда жоқ болғаны өкінішті. Оларды қатты сағынамын. Жақында ғана түсіме Арман Дүйсенов кірді. Осы қаңтарда жылы болады. Өте керемет азамат еді. Артында бала-шағасы, әуезді әндері қалды. Сол әндер біздерді жұбатады. Осыған дейін Арманның желідегі парақшасын қайта іске қосайық деп ұсыныс тастадым. Оны жасап алдық. Сейіл қандай дос еді. Қарағандыға барсақ алдымыздан шығып, күтіп алатын. Алматыға келгенде оған гитара сыйлап едім. Соны өмірінің соңына дейін айтып кетті ғой", - деді ол. 

Оған қоса Бесбаев өнердегі ағалары Асқар Наймантаев пен Ақжол Мейірбековты есіне алды. "Асқар, Ақжол ағаларымызға еркелеп өсіп едік. Асқар ағаның талай әзілдерін тыңдап, той-томалақтарға бірге жүретін едік. Бала күннен осы кісілерді көріп жүргеннен кейін қатты жүрегіне алады екенсің. Бұл кісілердің өлімі қазақ өнері үшін орны толмас қаза болды. Бала-шағасына ұзақ өмір тілейміз. Құдай жақсылық беріп, өнер саласында жүрген адамдар, әсіресе, ақсақалдар буыны көз алдымызда ұзақ жүрсін деп тілейміз", - деді Мейрамбек.