Қоғам

2024 жылы Қазақстанда зейнетақы мөлшері өсті

Зейнетақы төлемдері тоғыз процентке көтерілді

Жаңа жылдан бастап елімізде зейнетақы мөлшері ұлғайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Енді мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 57 853 теңге.

Жасы бойынша және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9%-ке өсіп отыр. Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 7 процентке көтерілді.

Айта кетері, 2023 жылдан 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-інен 70%-іне, ал ең жоғары мөлшерін 100%-інен 120 проценіне дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған.

Өткен жылдың басында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 54%-тен 60%-ке дейін өсті. Бес жыл ішінде базалық зейнетақы орта есеппен 50%-ке артады деген жоспар бар.

Қазір елімізде шамамен 2,3 миллионнан астам зейнеткер бар.

Қолданыстағы заңға сәйкес, Қазақстанда ерлер 63 жасында, ал әйелдер 2028 жылға дейін 61 жасында зейнетке шығады.