Полиция шақырмай-ақ жүргізушілер жол апатын онлайн рәсімдей алады
Жол апатын онлайн рәсімдеуге сақтандыру төлемі 369 мың теңгеден аспауы керек
Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жол апаттарын онлайн тіркеуге 1 мыңнан астам өтініш түсті, деп хабарлайды KYN.KZ.
«2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Еурохаттама» жобасы бойынша жол апаттарын онлайн тіркеуге 1099 өтініш келіп түсті: алты өтініш «тіркелді» деген мәртебе алды, яғни екі көлік жүргізушісі де өз қолын қойды, өтініш бірыңғай сақтандыру деректер базасына жіберілді», - делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, келіп түскен өтініштердің шамамен 60%-ке жуығын қолданушылардың өздері әртүрлі себептермен, соның ішінде қызметпен енді танысып жатқандықтан бас тартқан.
Сондай-ақ, мәліметтерді жинау кезінде 385 өтініш толтыру сатысында болса, 33-і бірінші жүргізушінің, тағы 12-сі екінші жүргізушінің қол қоюын күтуде.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі енгізілетінін жариялаған болатын. Соның арқасында көлік жүргізушілері полицияны, тіпті, сот шешімін күтпей, сақтандыру төлемдерін рәсімдей алады. Қазір сақтандыру төлемін алу үшін жол полициясының хаттамасы керек. Оған қоса, сот шешімі шығуы қажет. Оған екі айдай уақыт кетеді.
Ал сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі бойынша жол апаты болған кезде барлық құжат жылдам рәсімделеді. Бірақ бірнеше шарт болады.
Олар:
екі көліктің соқтығысуы;
жол апаты кезінде көлікке ғана зиян келуі (адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіру және үшінші тұлғалардың мүлкін зақымдау фактісі болмауы шарт);
сақтандыру полисінің болуы;
екі көлік жүргізушінің өзара келісуі;
сақтандыру төлемі 100 АЕК-тен (369 200 теңгеден) аспауы керек.
Барлық өтініш бірыңғай сақтандыру дерекқорының мобильдік қосымшасы арқылы жіберіледі.