Олимпиада чемпионы Сәкен Бибосыновқа Өмірзақ Шөкеев ел алдында тарту еткен пәтер жалдамалы болып шықты
Спортшы сыйға алған үйдің құжатын әлі ала алмаған. Тіпті Түркістанға жаттығуға барғанда тұратын үйі жоғын айтты.
Сәкен Бибосынов ендігі жерде БАҚ өкілдері мен спорт қорынан үміт күтетінін алға тартты
Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов сыйға берілген екі бөлмелі пәтерді әлі күнге өз атына рәсімдей алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды 1bol.kz порталы.
Токио Олимпиадасынан кейін боксшыға сол кездегі Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев салтанатты түрде екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырған. Алайда заңмен бекітілген баспана жеке атына емес, тек жалдау құқығымен беріліпті. Ал жауапты мамандар танымал спортшыны әлі күнге құрғақ уәдемен шығарып салып келеді.
"Ол үй жалдау құқығымен рәсімделді. Ал келісім 2022 жылдың соңында аяқталды. Жалпы, әлем чемпионы болған өзге өңірдің спортшыларына 3 бөлмелі пәтер беріліп жатқанда, жалдамалы пәтерде жүргенім жаныма батады. Облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкеев қызметінен кетті. Қазіргі әкіммен бұл мәселе туралы сөйлескен жоқпын. Дегенмен, облыстық спорт басқармасы әлі уәде берумен келеді. Қазір келіп менен пәтерді босат десе, мен ештеңе істей алмаймын. Себебі, берілген үйді мен атыма рәсімдей алмаймын", - дейді Бибосынов.
Шенеуніктер танымал спортшыны жайдары қарсы алғанымен, құрғақ уәдемен шығарып салудан шаршамайды.
"Әрине, үйлі болғанға бәрі қуанады. Алайда менің қуанышымның соңы уайымға ұласты. Себебі, рәсімдеу заң бойынша мүмкін емес. Тіпті Түркістан облысынан Олимпиада жүлдегеріне мәрттік танытатын еш кәсіпкер болмағаны да өкінішті. Әрине, менде үміт жоқ емес. Бірақ, жай ғана жарыстан орын алып келген спортшыға үй беріп жатқанда, менің жағдайым облыс үшін өте ұят нәрсе деп ойлаймын", - деп атап көрсетті Бибосынов.
Сәкен Бибосынов ендігі жерде БАҚ өкілдері мен спорт қорынан үміт күтетінін алға тартты.