Павлодар облысында ойыққа түсіп кеткен автобус табылды
Әзірге автобус сыртқа шығарылған жоқ
Павлодар облысында "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы кеніш ойығына түсіп кеткен автобус табылды.
Kerek.pv телеграм арнасының хабарлауынша, автобус бес метр тереңдікте жатыр. Оның орналасқан жерін елдегі жалғыз георадар арқылы анықтаған.
Алайда ауыр техника автобус жатқан жерге әзірге жете алмайды. Қазір топырақты аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, 4 қаңтар күні сағат 01:25 шамасында "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы технологиялық автожолда жұмыс істемейтін шахтаның кеңістігіне автобус құлаған болатын. Автобуста 4 адам болған. Олардың екеуінің денесі табылды. Автобус ен қалған екі адамды табу жұыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгін іздеустіру жұмыстарына Балқаштан топырақты сканерлейтін арнайы құрылғы жеткізілді.
Бұған дейін іздеу жұмыстарына 134 адам, 37 машина, үш кинологиялық есеп және екі дрон қолданылғаны хабарланған болатын.