Мобильді аударымдар бойынша кәсіпкер қандай жағдайда тексеруге алынатыны айтылды
Сатушы қолма-қол төлем жасауды талап етсе не істеу керек?
Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары мобильді аударымдар мен мораторийдің аяқалуына байланысты кәсіпкерлерді үрейлендірген ең маңызды сұрақтарға жауап берді, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Кәсіпкерлерді тексеруге мораторийдің аяқталуы: жалпы тексерулер болмайды
Мемлекеттік кірістер органдары барлық мобильді аударымын тексермейді. "Жеке шоттарына 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдарды ай сайын, қатарынан үш ай ішінде алған тұлғалар (маңызды: 100-ден көп аударымдар емес, 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан түскен аударымдар) бақылауға жатады", - дейді МКК өкілдері. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл кәсіпкерлік қызметтің белгісі. Сондай-ақ әр түрлі өмірлік жағдайда туыстарына, достарына және әріптестеріне мобильді аударымдар жасауға шектеулер жоқ.
Сатушы қолма-қол ақша талап етсе не істеу керек?
"Төлемдер және төлем жүйелері туралы" ҚР заңының нормаларына сәйкес, төлемнің түрлі тәсілі көзделген – банк картасымен, QR-төлеммен немесе қолма-қол ақшамен (25-бап). "Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып саналады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Кәсіпкерлердің төлем карталарын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар: алғашында - ескерту, қайталап заң бұзғаны үшін – 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК-нің 194-бабы)", - деп ескертті комитеттегілер.