Шымкентте дене шынықтыру сабағында 8-сынып оқушысы қайтыс болды
Мұғалім: Көз алдымда қақпада тұрған жерден көзі аларып кетті де қалды
Шымкентте сабақ үстінде оқушы қайтыс болды. 8-сыныптың баласы жедел жәрдем қызметі жеткенше жан тапсырып үлгерген. Білім басқармасындағылардың мәліметінше, оқушының жүрегі тоқтап қалыпты. 13 жастағы жеткіншектің өліміне нақты не себеп болуы мүмкін? Қайғылы жағдай болған мектептің басшылығы не дейді? Әріптесім Айзада Төребекқызы мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты.
Оқиға Шымкенттегі №48 мектепте болды. 8 «А» сынып оқушылары дене шынықтыру сабағында екі топқа бөлініп, футбол ойнағалы жатқан. Марқұм Азамат қақпаның жанында тұрған. Сол сәтте бірден есінен танып, сұлқ түскенін айтады.
Нұрлан Байсейітов марқұм оқушы құлағанға дейін ешқандай оқыс жағдай болмағанына сенімді. Ол баланың мінезі жақсы болғанын, ешкіммен араздаспайтын дейді. Денсаулығына да еш шағымы болмаған дейді 2004 жылдан бері осы мектепте медбике қызметін атқарып келе жатқан Гүлжамал Розиева.
Алғашқы медициналық көмекті де осы мейірбике көрсеткен.
Білім басқармасы баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 8-сынып оқушысының жүрегі тоқтап қалған. Қазір сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Құзырлы органдар тарапынан қазір тергеп- тексеру жұмыстары жүргізілуде. Марқұмның денесі бүгін жер қойнына тапсырылды.