Костенко шахтасындағы трагедия: 9 лауазымды тұлға қамауға алынды
Шахтадағы апат салдарынан 46 кенші қаза тапты
Костенко атындағы шахтада болған трагедия бойынша тергеу шаралары аяқталуға жақын, деп хабарлады бас прокуратура.
Былтыр 28 қазанда көмір шахтасында жарылыс болып, салдарынан 46 адам қаза тапты. Тағы 28 кенші жарақат алған. Оқиғаның себебін тексеру бойынша құрылған үкімет комиссия трагедияға 100% жұмыс беруші кінәлі деген қорытынды шығарды. Бас прокуратура осы істі тергеуді аяқтап қалды.
"Салдарынан 46 кенші қаза тапқан Костенко атындағы шахтадағы жарылыстарды тергеу аяқталуда. Шахтаның 9 лауазымды адамы күдікті ретінде танылып, қамауға алынды", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, қазіргі кезде Костенко атындағы шахтада болған апаттан кейін көмір өндіруге тыйым салынды.
Дәл осы шахтада болған апаттан кейін Қазақстан "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатты. Ал компанияның атауы "Qarmet" болып өзгертілді.
Отандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының үлесін сатып алды. Ал Вадим Басин бас директор қызметіне тағайындалды.