Басты жаңалықтар

Бітімгершілік миссияларына қатысатын қазақстандық әскерилерге ай сайын қанша төленеді

Қазақстанның бітімгерлік күштеріне жалақыны БҰҰ төлейді

 Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ бітімгершілік миссияларына қашан аттанатынын және оларға қанша жалақы төленетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, әскерилерге жалақыны БҰҰ төлейді. Ал әскери техниканы тасымалдауға қажет қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінеді.

"Бітімгершілік миссияларына қатысатын әрбір әскери қызметшіге ай сайын мың доллардан астам жалақы төленеді. Оқ-дәрі мен техниканы тасымалдауға мемлекеттік бюджеттен 8 млн долларға жуық қаражат бөлінеді", – деді Жақсылықов парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.

 

Министрдің айтуынша, Қазақстанның бітімгерлік күштері наурыз айының басында бір жыл мерзімге жіберіледі.

Жақсылықов Қарулы күштердің құрамында төрт өңірлік қолбасшылық барын және олардың арасында бір жыл бойы іріктеу жүргізілетінін атап өтті. Іріктілген үздіктерден миссияға аттанатын рота жасақталады.

Қазақстандық ротаның құрамында бітімгерлік бөлімшесі, барлау бөлімшесі, инженерлік-саперлік бөлімше, техникалық бөлімше, медициналық бөлімше бар.

Қазақстан бітімгерлік күштерінің міндеттері – қарсылас тараптарды ажырату, патрульдеу, блокбекеттерде қызмет атқару, елді мекенді минадан тазарту, гуманитарлық көмек жеткізу және тағы басқа.

Бүгін парламент қазақстандық әскерилерді БҰҰ миссияларына жіберу туралы қаулыны мақұлдады.

БҰҰ шақыруына сәйкес 2024 жылғы наурызда "БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" миссиясына өз әскери техникасы, қару-жарағы және резерв ротасы ретінде мүлкі бар 139 әскери қызметші аттанады.

Жалпы, БҰҰ-ның бірнеше миссиясына қатысу үшін барлығы 430 әскери қызметші жіберіледі.