Ақтөбеде "балаларыңды қынадай қырамыз" деген хат алған ата-аналар оқушыларды мектепке жібермей қойды
Оқушыларды қырып саламыз деген хатты әлеуметтік желіден Атырау халқы да алған
Бүгін Ақтөбеде оқушылардың басым бөлігі мектепке бармай қалды. Білім ошағында балаларды «қынадай қырамыз» деген ақпараттан соң ата-аналар баласын мектепке жібермеген. Білім бөліміндегілер келгендерін кері қайтармай, сабақ уақытын да қысқартпадық деп отыр.
"Сабаққа бірінші аусым бойынша 8558 оқушы қатысым жасап отыр. Бұл барлық оқушының 14 пайызын құрайды. Ата-аналарға үрей тудырған болуы мүмкін. Дегенмен келген оқушыларға сабақ жүргізіліп жатыр. Келмеген оқушылармен өтіп кеткен тақырыптарды қосымша толықтыру жұмыстарын әр педагог өздері жұмыстанатын болады",-дейді Ақтөбе білім бөлімі басшысының орынбасары Жұлдыз Шалабаева.
"Ақтөбе қаласының мектептерінде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша полиция қызметкерлерімен жақын шет елдердің бірінің 18 жастағы тұрғыны анықтады. Өңірдегі жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында. Алаңдауға негіз жоқ",-дейді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.