Басты жаңалықтар
Алматыда бір топ жігіт темекі бермегені үшін 4 баланың әкесін сабап өлтірді
- автор kyn.kz
- 5 шілде, 2018
- 268
Бүгінде марқұмның туыстары қылмыскерлер жазадан құтылып кететін түрі бар деп алаңдауда
Алматы облысында 4 баланың әкесін бір топ жас жігіт өлімші етіп сабап кеткен. Ауыр жарақат алған Мұxит Оспанов тілге келместен көз жұмды. Қазір марқұмды соққыға жыққан жетеудің біреуі ұсталды, деп хабарлады КТК арнасы. Тергеу барысына көңілі толмаған қаралы отбасы қалған қаскөйлер жазықсыз қала ма деп қорқады.
Оспановтар отбасы атпалдай азаматтарынан айырылып,4 баласы әкесіз қалды. Бүкіл әулеттің жалғыз ұлы Мұxит Оспанов 43 жасқа толмай, көз жұмды. Отбасының асыраушысын достары мен туыстары «ешкімге жазығы жоқ, жайдары» азамат еді деп еске алады. Енді марқұмның туысы ай күннің аманында жақынымызды қан жоса қылып тепкілеген бір топ жігіт жазадан құтылып кете ме деп қорқады.
"Менің баламды қолымен өлтірді. Мойындарымен көтерсін. Жабылып ұрады. Одан кейін бір ғана адамды ұстап отыр. Бұл сұмдық қой. Солай өлтіріп жүре бере ме? Полиция қайда? Жалғыз ұлымды өлтірді.",-дейді марқұмның анасы Алтынxан Алашбаева.
"Өлтіргенге дейін соққан ғой. Өлгеніне көз жеткізіп, бөтелкелерін лақтырып кеткен.",-дейді марқұмның жесірі Нәзира Қиятова.
Қанды төбелес осыдан екі апта бұрын дәл осы дүкеннің алдында болған. Бір топ жас жігіт 43 жастағы Мұxит Оспановты соққының астына жыққан.
Бәленің барлығы темекі бермеуден басталыпты. Үш бажасымен моншадан шыққан Мұxиттан жас жігіттер қайта-қайта темекі сұраған. Шылымды сатып алғандарың дұрыс деп жауап қатқанға разы болмаған олар бірден жұдырық ала жүгіріпті.
Мұхитқа араша түскен жақындары да оңбай таяқ жеген. Қатты соққылардан қол-аяғы сынып, миына қан кеткен 43 жастағы азамат үшінші күні тілге келместен қайтыс болды.
Қазіргі кезде осы оқиғаға қатысты барлық адамдар анықталып, біреуі аудандық сот санкциясымен қамауға алынды. Осы анықталған адамдардың қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Және іс-әрекеттері қандай екені осы процедуарлық шешімнен кейін анықталады.",-дейді Алматы облыстық ІІД ресми өкілі өбейхан Нұрахмет.
Ал, қамауда отырған күдіктіні тергеушілер емес, марқұмның туыстары ұстап апарған. Сол себепті, тергеу амалдарына көңілі толмаған марқұмның жақындары арыз-шағымдарын арқалап Бас прокуратураға бармақшы.
Келесі мақала