Баласын Сириядағы содырлар арасынан іздеген 60 жастағы ананың арманы жұртты жылатты (видео)
6 баланың анасы: соңғы тілегім мен арманым - ұлым Қазақстан түрмесіне жабылса да бақыттымын
Алматылық 60 жастағы ана кенже ұлын жоғалтып алғанына 13 жыл болған. Ол үнемі Сириядан Қазақстанға жеткізілген содырлар арасынан 1993 жылы туған ұлы Нұржау Амангелдиевті іздейді. Өйткені оған себеп бар. 6 баланың анасы соңғы рет кенжесі Қырғызстан арқылы Ыстамбұлға кеткенін айтады. KYN.KZ тілшісіне сұхбат берген ана соңғы 13 жылдан бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғанын айтты.
Зейнеткер бұдан бұрын "Сіздер Сирияда соғыста болған азаматтың Ыстамбұлдан Қазақстанға жеткізілгенін жаздыңыздар. Беті анық көрсетілмеген болса да менің ана жүрегім сол жігіттің ұлым, Нұржауым екенін сездіріп тұр. Беті бүркемеленбеген суретін беріңіздерші" деп хабарласқан болатын.
Біз Маханова Мейрамгүл берген ақпараттарды ҰҚК баспасөз қызметіне беріп, кері байланыста ұсталған азаматтың Нұржау емес екенін білдік. Бірақ, біздің жауабымызға көңілі көншімеген ана редакциямызға келіп, жағдайды толық баяндап берді.
"Мен кішкентай 6 баламен Алматы облысына қарасты Көксай ауылында тұрдым. Тұрған үйіміздің жағдайы өте нашар болды. Жақсы квартираға ақша, жағдай болмады. Жақсы пәтерлер 6 баламен бізді алмайтын да еді. Ұлым мектепте оқып жүріп, ағайынан үлгі алып, 9- сынып кезінде намаз оқыды. Артынша Тастақ, Көк базар маңындағы мешіттерге жиі қатынайтын болды.
Мұсылман заттарын сатты. Қырғызстаннан бал әкеп сатты. Қыздарымды өте қатты, қатал тәртіпте ұстадым.Екі қызым да намазға жығылды. Ұлым кенжем болды. 5 қыздан кейін Құдайдан сұрап алған балам. Оны еш ұрысып, ұрып көрген емеспіз. Өзі де өте тәртіпті еді. Бір кездері "Мама, папа, Ыстамбұлда быраттар бар. Олар өте жақсы өмір сүреді. Сол жаққа жұмысқа барып қайтсам, жағдайымыз жақсарады" деген ұсыныс айтты. Біз біраз уақыт қарсы болдық. Бірнеше ай өткенде құлағымыз да үйренді ме мақұлдап қалдық. Балам рұқсатымызбен үйден шығып кетті.
Арада 2 минут өткенде жүрегім сезіп, оны ешқайда жібере алмайтынымды айтайын деп жүгіріп аулаға шықтым. Сол кезде біреу күтіп тұрды ма білмеймін. Аз уақыт аралығында кетіп қалыпты. Содан көрмедік. Араға 2 ай салып әпкелеріне "Өкінемін. Қазақстаннан кеткенім дұрыс болмапты. Ата-анамның үмітін ақтай алмадым" деп қана жазыпты. Ол кезде Мейл Агент болатын. Содан бері мүлде хабарсыз қалдық",- дейді баласын іздеген ана.
Мейрамгүл ана осы жағдайды естігеннен кейін баласының достарын, араласатын адамдарын іздеп бастаған. Сыртқы істер министрлігіне барған. Ол жердегілер ұлы Нұржаудың Ыстамбұлда уақытша тіркеуге тұрғанын айтқан. Бірақ ол мекенжайда Амангелдиев Нұржау жоқ болып шыққан. Сол бойы ол жігіттен не желіде, не жауапты ограндар арқылы ешқандай жаңа ақпарат болмапты.
"Мен 13 жылдан бері балгер, тәуіп, карта, кофемен болжаушылардың талайына бардым. Әлі де үмітім үзілген жоқ. Баламның мәйітін көріп, өзім көмбегеннен кейін жүрегім тынышталар емес. Балгерлер оның өзге елде құлдықта жүргенін айтады. Барлығы оны тірі дейді. Осыдан кейін қалай алаңсыз өмір сүремін?
Бірнеше ай бұрын түсіме кірді. Үйде ұйықтап жатыр екенмін. "Мама, мен келдім" дейді. "Ойбай-ау, қайда жүрсің?" десем "Ленгрдің түрмесіндемін" деп тұр. Таңда тұрып айналамдағылардан "Ленгрде түрме бар ма?" деп сұрадым. Олар "бар" дейді. Бұл бір аян шығар.
Әйтпесе мен оны талай уақыт түсімде де көрмей кетіп едім. Менің қазіргі бар арманым, балам Қазақстанның түрмесінде жатса да разымын. Жаңылды, адасты бәрін мойындаймын. Тек өз жерінің топырағында өлсе екен деген арманым бар",-дейді зейнеткер.
5 қызын құтты ұясына қондырған ана кезінде ұлының ішінде болып жатқан арпалысқа араша бола алмадым деген өкініші бар.
"Тұңғышым ұл еді. Ол 24 жасында жол көлік оқиғасынан қайтыс болды. Одан кейін 5 қызды жағдай болмаса да қатал тәрбиелеп,оқытып, құтты орындарына қондырдым. Аллаға күпіршілігім жоқ. Сонда да кенжем, ер балам тірі болса, қасыма келсе екен деймін. Әкесі де құсадан қан жұтып келеді. Жасы 75-те. Соған қарамай күзетші болып жұмыс істейді. Баламның қанында бұзықтық жоқ. Ішпейтін, шекпейтін.
Ол өтпелі кезеңде жүргенде нан тауып, жаман пәтердің ақысын төлеймін деп тіршілік етіп, оның ішінде не болып жатқанына көңіл де бөлмеппін. Ол кездерде жаман ағым туралы ақпарат аз еді. қазіргі аналар түрлі ағымдардың көп екенін біледі. Мен өзім балам жоғалғанда паспорт жасатып, Сирияға бармақшы болғанмын. Ақпараттың жоқтығы олда. Кейіннен адамдар айтты.
"Соғыс ошағына барып, оны қайжерден іздейсің?" деп. Қазір ойласам ол жақтан аман келуім де екі талай кен",-дейді зейнеткер.
Ол KYN.KZ сайты арқылы ҰҚК қызметкерлеріне өтінішін айтты.
"Ендігі арманым, Құрметті, ҰҚК қызметкерлері менің ұлымнан аумайтын жігіттің беті ашық фотосын маған көрсетіңіздерші. Өтініш. Ана жүрегі сол суретті көріп басылатын шығар. Әйтпесе жаным тынышталар емес...",-дейді Мейрамгүл Маханова.
Видео сұхбат:https://t.me/kynkz