Америка азаматын таң қалдырған ғимарат
Шетел азаиматы Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйде қонақта болды
Авраам Линкольн тұрған үйді көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз, алысқа бармай-ақ, тарихы да, атмосферасы да дәл сол сияқты болатын ғимаратты Алматыда тамашалауға мүмкіндік бар.
Енді бәрін рет-ретімен баяндайық. Иллинойс штатының Спрингфилд қалашығында Американың 16-шы президенті тұрған үй сақталған. Мұхиттың арғы жағындағы 12 бөлмелі 2 қабатты ғимаратты Қазақстанмен не байланыстырады дейсіз бе? Бүгінде туристер жиі баратын орынға айналған осы үйге ұқсас музей бізде де бар. Ол – Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй.
Бұл ұқсастық – біздің пайым емес. Линкольннің үйін көрген АҚШ азаматының пікірі. Алматыдағы алаш қайраткері, «ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы музейге барған Аугуст Гарнсей «Silk way» арнасында шығатын «Guardians of the Legacy» бағдарламасына берген сұқбатында өз сезімін былай жеткізген: «Бұл шынымен де керемет жер. Бір қызығы, бұл ғимарат әлі күнге дейін сақталған. Тіпті қабырғасы, барлық құрылымы бұзылмағаны таң қалдырады. Мұнда көптеген көне тарихи жәдігер жинақталған. Ең алғаш кіргенімде, бұл жер өте үлкен болып көрінді. Менің ойымша, біз жақсы өлшемдегі төрт бөлмелі пәтер, төрт жатын бөлме туралы айтып отырмыз. Демек, бұл жер өте үлкен, ондағы жинақ та көп»
Бұл үйде Ахмет Байтұрсынұлы 1934-1937 жылдары тұрған. Алаш қайраткері тұрған Алматыдағы 3 үйінің 2-еуі кеңес одағы билігі тұсындағы қайта құру кезінде бұзылған. Осы күнге аман жеткен ағаштан салынған ғимараттың жалпы ауданы 161 шаршы метр екен. 1993 жылы музей ретінде есігін ашты. Бұрынғы ас үй, балалар бөлмесі мен Ахаңның жұмыс бөлмесі бүгінде экспозиция залына айналған. Ғимараттың терезелері алғашқы қалпында сақталыпты. Музей қызметкерлері жалпы үйдің өзі бастапқы кейпінен қатты өзгермеген деп отыр.
Музей-үйді аралап, өмірінің соңғы жылдарында осында тұрақтаған біртуар тұлғаның өмірін сипаттайтын экспонаттармен танысқан Аугуст Гарнсей өз елінде дәл осыған ұқсас музей бар екенін айтты: «АҚШ-пен байланысына келсек. Шынымды айтсам, ішке кіргенде есіме бір нәрсе түсті: Иллинойс штатындағы Спрингфилд қаласына сапарым. Мен бұрынғы президент Авраам Линкольннің үйінде болдым. Авраам Линкольннің үйіне кірген кезде бойымды осындай сезім кернеген еді. Басты кейіпкердің рухы осында сияқты сезіледі. Бұл тарихи орындардың арасында көптеген ұқсастық бар, олардың маңызы өте зор және бізге жетпеген небір оқиғаға толы болуы мүмкін».
Иа, біз өзімізде бар құнды жәдігерлерді кей кездері құнттамай жатамыз. Ал, шетелдіктер үшін тарихи нысандар – ең басты байлық. Сол себепті «Guardians of the Legacy» жобасы арқылы Қазақстанның сәулеті келіскен, тарихы терең ғимараттарын ағылшын тіліндегі аудиторияға таныту көзделіп отыр. Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйге таң қалған Америка азаматының ізімен біздің елге келуші туристер саны артып жатса қанеки.