Қоғам

"Кінәсін мойындап, ерікті түрде полицияға берілген жоқ": полиция өкілі Дәкебаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Қарағанды облысының полицейлері жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты деген күдікпен ұсталған ер адамның сөзін жоққа шығарды.

Қарағанды облысының полицейлері жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты деген күдікпен ұсталған Дәкебаевтың видеоүндеуіне қатысты пікірі білдірді. Бұл туралы KYN.KZ облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Осыған дейін Instagram желісіндегі пабликтердің бірінде күдікті Нұрболат Дәкебаевтың видеоүндеуі жарияланған еді. Видеода ол полицияға өз еркімен берілуге бел буғанын айтып, жедел жәрдем жүргізушісі, медицина қызметкелерінен және барша қазақстандықтан кешірім сұраған болатын.

Бұл видеоға қатысты Қарағанды облысының полиция департаментінің бастығы пікір білдіріп, іс жүзінде күдікті Дәкебаев ерікті түрде полицияға берілмегенін мәлімдеді.

"Іздеуде жүрген күдікті Дәкебаев заңды және іс жүзінде ерікті түрде полицияға берілген жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қылмыс жасады деп күдікке ілінген адамның кінәсін мойындап өз еркімен келуі көзделген. Бұл жағдайда кінәсін мойындау және өз еркімен полицияға келу болған жоқ. Криминалдық полиция қызметкерлерімен бірқатар кешенді іс-шаралар жүргізіліп, соның нәтижесінде халықаралық іздеуде жүрген Дәкебаев ұсталды. Қылмыстық істі тергеу істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу туралы қылмыстық заңнаманың талаптарына сәйкес жүргізіледі", - дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.