"Алтын орда" базары директорының бұрынғы орынбасары 4 жылға сотталды
"Алтын Орда" базары басшысының бұрынғы орынбасары Ермек Марқабаев төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
"Алтын Орда" базары басшысының бұрынғы орынбасары Ермек Марқабаев төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап KYN.KZ хабарлайды.
Қарасай аудандық сотының баспасөз қызметі былтыр жазда Алматы – Бішкек тасжолында полиция қызметкерлері артқы орындығында Марқабаев отырған көлікті тоқтатқаны анықталғанын мәлім етті.
"Сотталушыны жеке тінту барысында ұнтақ тәрізді зат бар пакет табылып тәркіленді, сот-химиялық сараптаманың қорытындысы бойынша бұл зат салмағы 1,796 грамм (аса ірі көлемдегі) психотроптық зат – мефедрон болып шықты", - делінген хабарламада. Алайда сотталушы өз кінәсін мойындамай, куәлік беруден бас тартқан.
"Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, оның ішінде сотта зерттелген ұсталу және жеке тінту бейнежазбасымен, психотроптық заттың сот-химиялық сараптамасының нәтижелерімен, алақанның шайындысы, қолдың тырнақ кесіндісі және құрамында психотроптық зат – мефедрон болған джинсы шалбар қалтасы қиындысының сот-химиялық зерттеулерімен, сондай-ақ іс бойынша жиналған басқа да дәлелдермен дәлелденген және расталған", - деп қосты сот.
"Алтын Орда" базарының директор орынбасары есірткі сақтағаны және қолданғаны үшін кінәлі деп танылып, қауіпсіздік деңгейі орташа мекемеде өтеуге төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Ермек Марқабаевқа қатысты үкім Қарасай аудандық сотында жарияланды. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен ("Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау") айып тағылған еді. Прокурор бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал адвокаттар Марқабаев кінәсіз екенін, оған жала жабылғанын алға тартты.