Қоғам

Түркістан облысында перзентханаға босануға барған 18 жастағы әйел қайтыс болды

Марқұмның туыстары келіншек дәрігерлердің салғырттығынан жан тапсырғанын алға тартып отыр.

Севара Абдуллаева Қарабұлақ ауылының ауруханасына толғақпен түскен. Марқұмның туыстары оның ешқашан ауырмағанын, дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды деп топшылап отыр.

Қара жамылған Әбілқасымовтар әулеті бір аптадан бері аза тұтып жатыр. Тұңғышын босануға кеткен келіндерінің ауруханадан мәйіті шыққан. Марқұмның жақындары Севараның көзі тірісінде ешқандай ауруы болмаған дейді. 24 қаңтар күні босанған кезде енесі тіпті көріп қайтқан екен. 

Босанғаннан кейін үш күн өткенде Севараның жансақтау бөліміне түскенін ауруханадағы кездейсоқ адамдардан біліпті. Енесінің сөзінше, дереу ауруханаға жеткенде дәрігерлер ештеңе түсіндіріп айтпаған. Тұңғышын босанған келіншек жансақтау бөлімінде екі сағат өткен соң көз жұмыпты. Туыстары дәрігерлер оның мәйітін көруге де мүмкіндік бермеді деп отыр.

Дәрігерлер үш күн палатада жатқан Севараның "кенеттен жүрегі қысылды" дейді. Сондықтан бірден жансақтау бөліміне жатқызып, облыстың ең білікті деген мамандарын санавиациямен шақыртыпты, бірақ мамандар жеткенше "өмірден озды" дейді. Ал мәйітті тексерген Шымкенттің паталого-анатомиялық бюросы марқұмның өкпе тамыры үзіліп кеткенін анықтапты.

Севара Абдуллаеваның мәйіті 28 қаңтар күйеуінің туған күні Қарабұлақ ауылында жерленді. Жаңа туған сәби Айша әкесінің қарындасымен бірге Шымкенттегі перинаталдық орталықта жатыр.