Саясат

Министрлер шетелге жасаған сапарлар бойынша үкімет пен президентке есеп береді

Президент инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отыратын әкімдерді сынға алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік орган басшыларының шетелге жасаған әрбір сапары бойынша есеп беруді тапсырды.

Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы инвестицияларды тарту мәселесіне ерекше тоқталды. Себебі инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады.

"Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады", - деді Тоқаев.

Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Шетелдік сапарлар да бақылауға алынады.

"Мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиіс. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша үкімет басшылығына, немесе, қажет болған жағдайда президентке есеп берілуі керек", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жарты жыл сайын Инвестициялық штабтың жұмысы қаралады. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға беріледі.