Павлодар облысында боран салдарынан 40-қа жуық ауыл жарықсыз қалған
Облыс әкімінің баспасөз қызметі 13 ауылдық елді мекенде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті
Павлодар облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты 40-қа жуық елді мекен жарықсыз қалған, деп хабарлайды KYN.KZ Pavlodarnews.kz баслымына сілтеме жасап.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 ақпанға қараған түні ауа райының қолайсыздығына байланысты, боран салдарынан (екпіні 28 м/с дейін) аймақтағы 38 ауылдық елді мекенде (4276 абонент) электр энергиясының ішінара өшуі тіркелді. Сонымен қатар дауылды желдің салдарынан Павлодар қаласының ауылдық аймағындағы Жетекші ауылындағы ЖОМ-тің шатыры ішінара зақымдалған. Ауданы 30 шаршы метрге жеткен. "9 ақпан күні, сағат 14.00-дегі жағдай бойынша электр қуаты өңірдегі 25 ауылдық елді мекенде қалпына келтірілді. 13 ауылдық елді мекенде (~1553 абонент) жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл облыстың 5 ауданына қарасты ауылдарда (Баянауыл, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты), сондай-ақ, Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Береке ауылында тіркелді", - делінген хабарламада. Апат ақауларын жоюға 47 авариялық бригада жұмылған. Жұмыстарға 137 адам және 46 техника тартылды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасп жатыр.