Таразда 9-сынып оқитын қыз өз сыныптарын пышақтады
Шабуыл жасаған қыз бала психикалық диспансерге жатқызылды.
Оқиға қаладағы мектептердің бірінде болған. Ал полиция осы дерек бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Оқиға былай болған: А есімді оқушысы кешкісін С есімді сыныптасын саябаққа серуендеуге шақырады.
Құрбысымен қыдырып жүріп, кенет қас қарайғанда С-ның тамақ тұсына суық қару сілтейді. Құрбысының қолынан жарақат алған оқушы үйіне әзер жеткен. Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, қазір ол мойын жарақатын тіктіріп, үйінде ем алып жатыр.
Сондай-ақ, мектеп әкімшілігіндегілер шабуылдаған оқушы психикалық диспансерге жатқызылғанын хабарлаған. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатқанын полиция департаменті өкілдері растады.
"Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлерімен сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Басқа мәлімет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы бойынша жариялауға жатпайды", - деп хабарлады облыстық полиция департаменті өкілдері. Ал қалалық білім басқармасы өкілдері күдікті бұрын бірнеше рет осындай іс-әрекеттерге талпынғанын анықтаған.
"Күдікті қыз бір емес, бірнеше рет осындай ықтимал іс-әрекеттерге барған. Бізге ешқандай ақпарат түскен жоқ. Қазіргі таңда мектеп директоры мен психологы өз еркімен жұмыстан кеткен", - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова.