Қарағандыда мектепте теракт жасаймын деп қорқытқан жасөспірім ұсталды
Қарағанды облысының полицейлері терроризм туралы хабарлама таратқан адамды ұстады.
Хабарлама таратқан 13 жастағы бала болып шыққан, деп хабарлайды KYN.KZ Polisia.kz Telegram арнасына сілтеме жасап.
Ведомство ақпаратынша, облыстық ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "мектептерде оқушыларды атамын" деп хабарлама таратқан Telegram арнасының әкімшісі әрі авторын ұстады.
"Белгілі болғандай, 13 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны әлеуметтік желіден терроризм тақырыбындағы ақпаратты көріп, "Очищение Караганды" деген атаумен өзінің Telegram арнасын құрған. Осыдан кейін ұсталған азамат облыс төңірегіндегі мектептерде терроризм актісінің дайындалуы туралы ақпарат таратқан. Қазіргі уақытта Telegram арна өшірілді. Полиция қызметкерлері бұл қылмысқа шетелде жүрген адамдардың қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр", - делінген хабарда.
Полиция шұғыл қызметтердің шығыны үшін залалды өтеу бойынша сотқа талап-арыз берді. Баланың ата-анасы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.