Жаңадан тағайындалған қаржы министрі қанша жалақы алатынын айтты
Қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттік қызметкерлер кестесіне сай жалақы алатынын айтты.
Мәжіліс кулуарында жаңадан тағайындалған қаржы министрі Мәди Тәкиев жаңа қызметтегі жалақы мөлшерін айтты. Бұл туралы KAZNUR.KZ хабарлайды.
Журналист жаңа министрден "жалақы мөлшерімен таныстыңыз ба" деп сұрады.
"Иә, жалақы мөлшерімен танысып, білдім. Бізде барлық мемлекеттік қызметкерге бірыңғай жалақы кестесі бар. Сол кестеге сай еңбекақымды аламын. Бір жарым млн теңгеден асады, менің еңбек өтілімді қосқанда", - деп жауап берді Мәди Тәкиев.
Еске салайық, 6 ақпанда мемлекет басшысының жарлығымен Мәди Төкешұлы Тәкиев қаржы министрі лауазымына тағайындалған еді. Бұрын ол мәжіліс депутаты болған.