Қоғам

"Байлап, ұрып-соғып, пышақтаған": Алматы облысында төрт баланы азаптады деген күдікті анықталды

Алматы облысында төрт баланы азаптады деген күдікті анықталып, ол іздестіріліп жатыр.

Әлеуметтік желіде Алматы облысында белгісіз ер адам төрт баланы ұрып-соғып, азаптап, оларға пышақ сұққаны туралы ақпарат тарады. Бұған қатысты облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов түсінік беріп, күдікті анықталғанын хабарлады, деп жазады KYN,KZ тілшісі.

Telegram-дағы арналардың бірінде аталған оқиға Алматы облысының Жамбыл ауданында болғаны айтылады.

"Белгісіз ер адам төрт кішкентай баланы байлап, ұрып-соғып, азаптап, пышақтаған. Полицейлер күдіктіні анықтап, оны ұстау шараларын жүргізіп жатыр", - делінген жазбада.

Бұған қатысты Алматы облысы полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов Instagram-дағы парақшасында пікір білдірді.

"Кәмелетке толмағандарға шабуыл жасаған әрекет туралы арыз бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті тұлға анықталды. Оны құрықтау бойынша қажетті іс-шаралар қабылдануда", - дейді облыстың бас полицейі. Оның айтуынша, аталған дерек бойынша облыстың барлық аудандық бөлімшелері мен өңірлік полиция органдары бағдарланған.