Қоғам

"Жұмыс істемесең, бауырларыңды көрмейсің": 5 жыл құлдықта мал баққан балалар туралы жаңа деректер шықты

Ұлытау облысында балаларды 5 жыл құлдықта ұстаған өгей ана қамауға алынды. Депуттаттар дабыл қақты.

Ағайынды балаларды асырап алған ерлі-зайыптылар жеткіншектерді қаладан 20 шақырым жердегі өз фермаларында қамап ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген, деп хабарлайды KYN.KZ Астана арнасына сілтеме жасап. 

Ұлытау облысында балаларды 5 жыл құлдықта ұстаған өгей ана қамауға алынды. Күдікті ағайынды 3 баланы 2018 жылы асырап алған. Қамқорлық көрсетудің орнына қара жұмысқа жегіп, қоғамнан алыс ұстапты. Ауырып жатыр деп сабаққа да жібермеген. Аш құрсақ балалардың құр сүлдері ғана қалған.

Балалардың біреуі - қыз, екеуі - ұл бала. 5 жыл бұрын балалар үйінен патронат отбасының асырауына берілген. Ол кезде үлкені 14-те, кішісі 8 жаста болған. 2 табын жылқы мен 18 сиырды баққан балалар адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп келген.

Динара ЗӘКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:

19 жастағы қыз колледж бітірген. Бірақ іс жүзінде сабаққа бармаған, - дейді амбудсмен. Ортаншы ұлды да оқуға жібермей, тек ауырғаны туралы анықтама ұсынып отырған.

Ерболат САТЫБАЛДИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өгей ата-ана қыз баланы «жұмыс істемесең, бауырларыңды көрмейсің» деп қорқытқан. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сараптама жүргізілуде. Балаларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.

Сафура ТӨЛЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл отбасы жақында патронатқа тағы бала алғысы келген. Тиісті мекемелерден басқа да балалар бар ма деп сұрастырған.