"Қыста жертөлені паналаған": Шардара ауданында көл жағасынан табылған әйелдің кім екені анықталуда
Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылы маңында 1 ақпанда дала кезген егде әйел табылды.
Тілінің мүкістігінен өзі туралы жөнді мәлімет айта алмаған. Әйел жергілікті тұрғындарға Шардара жаққа Якутиядан ауып келдім десе, тағы біреуге Қарақалпақстан жақтан бет алдым деген. Қақаған қыста кейуана жертөлені паналаған, деп жазады KYN.KZ Бексултан Жанәбіловтың Фейсбук-тегі парақшасына сілтеме жасап.
Шардарадан 17 шақырым жердегі көл маңында күнелткен әйелді жергілікті полиция анықтаған.
"Бұл адамның тұрған жері жергілікті полиция арқылы Шардара ауданына қарасты Жаушықұм ауылының маңынан 1 ақпанда анықталған. Әйелдің сөйлеу қабілеті нашар болғандықтан аты-жөнін анықтау қиындық туғызған. Сәйкесінше, табылған күннен бастап жеке басын анықтау жұмыстарын жүргізу мақсатында Шымкент қаласындағы оңалту орталығына жеткізілген. Оңалту орталығында тиісті жұмыстар жүргізілуде", - дейді Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.
Қазіргі таңда "Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу" орталығы өкілдері адасып жүрген әйелдің жеке тұлғасы анықталып жатқанын растады. Әйел өзін орталық қызметкерлеріне Дин Дендия деп таныстырған.
Өзінің айтуы бойынша 1955 жылы туған. Әйелдің денсаулық жағдайы туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметінен белгілі болды. "Дин Дендияның (туған күні - 26.02.1955) есту қабілеті нашар, дұрыс сөйлей алмайды, ақыл- есінде ауытқушылық бар. Өзіне қойылған сұрақтарға жазу арқылы түсініксіз жауап береді", - дейді олар.