СҚО-да оқушы қызды өз үйінде анасының танысы зорлаған
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
СҚО-дағы Тайынша ауданында оқушы қызды өз үйінде анасының танысы зорлаған. Күдікті қамалды, деп хабарлайды KYN.KZ Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Оқиға осыдан 1 ай бұрын болған. Әйелдің үйінде отырыс жасағандардың бірі кәмелет жасқа толмаған қызға опасыздық көрсеткен. Ең сорақысы, жасөспірімді қаскүнемнен сақтап, қылмыстың алдын алуға болар еді. Облыстық прокуратура дерегіне сәйкес, бұған дейін жәбір көрген оқушының мектебі кәмелет жасына толмағандар жөніндегі комиссияға ішімдіктен басын алмайтын әйелді ата-ана құқығынан айыру жөнінде хат жолдаған.
Комиссия өтінішті дер кезінде қолға алған. Құзырлы органдардың мәліметіне сәйкес, өңірде кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық әрекеттері 30 пайыз көбейген.
– Солтүстік Қазақстан облысының Тайыншы ауданында кәмелетке толмағанға қатысты зорлық-зомбылық әрекетін жасау туралы арыз бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Тайыншы қаласының 29 жастағы тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Аталған факт бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижесі бойынша процесстік шешім қабылданады, – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы Нұрбек Баекин.