"Басшы емес, басқа адам күдікті саналып отыр": ақын Серікзат Дүйсенғазин марқұм ұлының соты туралы айтты
Ақын қазір іс бойынша сот барысында шикіліктер барын айтты.
Былтыр ақын Серікзат Дүйсенғазының 16 жастағы ұлы оқыс оқиға салдарынан қаза тапқан болатын. Өнер иесі қазір іс бойынша сот жүріп жатқанын айтты, деп жазады КYN.KZ оның Instagram желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.
"2023 жылдың 2 қаңтарында болған ұлым Әлиханның қазасына байланысты ұзаққа созылған тергеу жұмысын Ақмола облыстық ішкі істер басқармасының тергеушілері 2023 жылдың қазан айында аяқтады. Қазір бұл іс бойынша сот жүріп жатыр.
Психологиялық тұрғыдан ауыр болса да, мен бұл іске жәбірленуші ретінде қатысудамын. Қаңтар айының 22-і күні басталған соттың тергеп-тексеру сатысында кінәлі тарап өздерінің жазасыз қалатындарына сенімділігін байқатуда. Екі қорғаушы жалдап, өздерінің еш кінәсіз екенін дәлелдегісі келетін тараптың сот процесі кезінде берген оспадар жауаптары мені толғандырып отыр. Сот бұл қылмыстық іс бойынша өз шешімін шығара жатар", - деді Серікзат Дүйсенғазы.
Ақынның айтуынша, іс бойынша күдікті болып тау шаңғы курортының басшысы емес, басқа адам күдікті саналып отыр.
Серікзат Дүйсенғазин ер адамның сотта берген жауабына қанағаттанбайтынына атап өтті.
"Бірақ мен жәбірленуші ретінде қоғамның назарын аударатын бірқатар жайтты сіздермен бөліскім келеді. Көпшілікке тау шаңғысы курортының қызметтерін ұсынатын курорттың қазіргі басшысы емес, құжаттар бойынша басқа адам күдікті саналып отыр. Оны күдікті ретінде тарту туралы талабымызды сот қанағаттандырған жоқ. Ол сотқа куәгер ретінде шақырылған және дәл қазір өзі басқаратын тау шаңғысы курортының қауіпсіздік ережелері талаптарына сай келмейтінін мойындамай, еліміздегі тау шаңғы базаларында апта сайын адамдардың әртүрлі деңгейде жарақат алатынын мысалға келтіріп, сотта берген жауабында мұның Қазақстан Республикасының аумағында қалыпты жағдай екендігін айтты. Мұны кәдімгі норма ретінде қабылдау қажет деп санайды екен. Сонда Қазақстан Республикасы Конституциясында жазылған "Еліміздің басты байлығы адам" деген бапты қайда қоямыз? Адам өміріне қауіпсіз, әділетті Қазақстан құрамыз деген жоспарымыз қайда?", - деп жазды ақын Instagram желісіндегі парақшасында.
Оның сөзінше, шаңғы үйрететін инструкторларының да, басқа қызметкерлерінің де мұндай қауіпті қызметпен айналысуға лицензиялары мен оқыған дипломдары жоқ.