Түркістан облысында балаларды аяусыз ұрған өгей әке жайлы тың деректер айтылды
- автор kyn.kz
- 22 ақпан, 2024
- 658
Түркістан облысында кішкентай балаларды тепкілеп жәбір көрсеткен күдікті қамауға алынды. Әлеуметтік желіге таралған оқиға Сайрам ауданында болған, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қолына бүлдіршінді ұстаған еңгезердей жігіт жерде еңбектеп жүрген балақайларға дауыс көтеріп, теуіп жатыр. Кейін оның жәбір көрген балалардың өгей әкесі екені анықталды. Ал жантүршігерлік жағдайды шімірікпей таспаға түсіріп тұрған адамның кім екені әзірге белгісіз. Десе де аталмыш видео әлеуметтік желіге тараған соң, тәртіп сақшылары кішкентайларға күш көрсеткен азаматты ұстаған. Енді тергеушілер күдіктіден балақайларға неге өшіккенін анықтап жатыр.
"Тергеу әрекеттері жүргізілуде және тиісті сараптамалар тағайындалды. Барлық мән-жайы анықталуда. Істің тергелуі Түркістан облысы полиция департаменті бастығының жеке бақылауында. Жалған ақпарат таратқанға заңда жауапкершілік қаралғанын ескерте отырып, азаматтардан тек ресми дереккөздеріне сүйенуді сұраймыз",-дейді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков.