Қарағанды облысында өрттен бір отбасының төрт баласы бірден көз жұмды
Қарқаралы ауданы Талды ауылындағы тұрғын үйде шыққан өрттен бір отбасының төрт баласы көз жұмды
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Талды ауылындағы тұрғын үйде шыққан өрттен бір отбасының төрт баласы көз жұмды. Бұл туралы KYN.KZ тілшісі аудан әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мұндай ақпарат алдымен "Патриот" Telegram арнасында пайда болды. Арна авторлары кешкі сағат алтыда тұрғын үйдегі өрттен төрт бала көз жұмғанын айтты. "Өртті сөндіргеннен кейін өрт сөндірушілер төрт жасар баланың денесін тапты"- деп жазады авторлар.
Болжам бойынша оқыс жағдай кезінде ата-анасы үйде болмаған, олар көршісінің үйіне кеткен.
Облыстық ТЖД Instagram-дағы парақшасында хабарлауынша, 23 ақпанда Қарқаралы ауданы Талды ауылында 2 пәтерлі бір қабатты тұрғын үйде тұрмыстық заттар, жиһаздар, терезе және есік блоктары - 10 шаршы метр аумақ өртенді.
"Өрт салдарынан 2019, 2020, 2021, 2022 жылы туған төрт бала көз жұмды. Өрт кезінде балалар үйде жалғыз болған. Олардың ата-аналары болмаған", - деп хабарлады ведомстводан. ТЖД хабарлауынша, зардап шеккен отбасыға жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар барлық қажетті көмекті көрсетуде. "Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда", - деп хабарлады ведомстводан.