Ақтауда екпе алған оқушылардың денсаулығы нашарлаған
Ақтаудағы мектептердің бірінде екі оқушы екпе алғаннан кейін денсаулығы сыр берген.
Ақтаудағы мектептердің бірінде екі оқушы А гепатитіне қарсы екпеден кейін ауырып, сынып жетекшісі жедел жәрдем шақырған. Балалар ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды KYN.KZ Lada.kz порталына сілтеме жасап.
Басылымның облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, оқиға 23 ақпанда қаладағы 11-шағын аудандағы мектептердің бірінде болған. Ведомство өкілдері оқушылар екпе салдырғаннан кейін ауырып қалғанын айтты. Олар балалар ауруханасына жеткізілді.
"Сағат 16.33-те 103 пультіне қоңырау түсті. Жедел жәрдем шақыруға екпеден кейін екі оқушының денсаулығының нашарлағаны себеп болды. Сынып жетекшісі қоңырау шалды. Оқушыларға А гепатитіне қарсы екпе салған. Балалар ауруханаға жеткізілді". - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Медициналық мекеменің мәліметінше, оқушылар тексеріліп, дәрігерлердің бақылауында болған. "Екеуінің де жағдайы қанағаттанарлық, қазіргі уақытта олар тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емделуге жіберілді, ұсыныстар берілді", - деп атап өтті ведомстводан.