Қоғам

"Бір күні құлайды": Шымкенттік тұрғындар жастарға салынған көпқабатты үй қирап, жертөлесін нәжіс басқанын айтты

Шымкентте сапасыз салынған ғимараттың қабырғаларына сызат түсіп, жарықтар пайда болған.

Тұрғындардың айтуынша үйдің төбесінен су сорғалап, жертөлесін нәжіс басқан, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған KYN.KZ.

Телеарна мәліметінше, жағымсыз иіске тұншығып отырған 64 пәтердің тұрғындары тиісті орындарға мәселесін сан мәрте айтқанымен, еш нәтиже жоқ. Ал шенеуніктер қабырғадағы сызаттар "қалыпты нәрсе" деп жауап берген.

Тұрғындар әр жауын-шашыннан соң төменгі қабаттарға дейін малмандай су болып, пәтер жылымайтынын айтады. Олар электр пешін өшіреміз дейді. Бұл аздай, екі жылдан бері көпқабатты үйдің қабырғаларында сызат пайда бола бастаған.

"Бір күні құлайды. Ана жақтан жел гуілдейді, бала-шаға, немерелер қыс бойы ауырды. Иә, арғы үймен сөйлесе береміз. Арғы жақта түнімен жылайды, оның дауысы бізге естіледі, біздікі оған естіледі. Мынаны қарашы, бәрі құлап жатыр. Кетіп жатыр, бөлініп тұр, бір ұрса түсіп қалады. Шөгілген. Асты мұздай", - дейді тұрғын Жұмағали Керімшиев.

Тілшінің хабарлауынша, бес жыл бұрын берілген үйдің жертөлесі де құрғамайды екен. Кәріз жүйесі бірер жыл бұрын істен шығып, нәжіс суы жайылған. Соның салдарынан жоғарыға су айдайтын сорғы істен шығып, алтыншы қабаттан ары ауыз су жоқ дейді тұрғындар.

"Иісі қолқаны қабады. Жертөленің бәрінде дәреттер қалқып жүр. Жоғары қарай тарақан қаптаған. Оның бәрі айналып келген кезде кәрізден. Ол дұрыс жүргізілмеген. Жаздың күні демалу мүмкін емес. Төрт жылдан бері осыны көріп келе жатырмыз", - дейді Дастан Марқабаев.

Тұрғындар үйді көзбен көрсін деп атқамінерлерді де шақыртқан. Жертөледен бастап, бірнеше пәтерге кіріп көрген жауаптылар "сызатта тұрған ештеңе жоқ" дейді.

"Басында бір рет құрылыс салынған кезде ол міндетті түрде сызат береді. Арасын екінші рет қалпына келтіріп шықсақ, мұндай жарық пайда болмайды. Басында бұндай газоблоктың нормасында бар. Жарықшақ береді. Кәріз құбырының ажыраған жерін қайта қалпына келтіріп, насос істен шықса, егер соның есебінен болса, онда мердігер мекемеге жүктеледі, насос ауыстырып беру", - дейді Шымкент құрылыс басқармасының маманы Берік Тәліпов.

Жауапты маман мердігер кеткен кемшілікті түзеуден қашпайды дейді. Осыған дейін төбені жауып берген құрылыс компаниясы енді ақауларды тізімдеп, күн жылына сызат түскен пәтерлерді қалпына келтіретін болды. Егер жұмыстан қашса, құрылыс басқармасы кәсіпкерді сотқа береді.

Дереккөз: КТК