Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі: тұрғындар нені білуі керек
2024 жылы 1 наурызға қараған түні бүкіл ел аумағы бір уақыт белдеуін көшеді.
Үкіметтің "Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы" қаулысына өзгерістер енгізілген болатын.Өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі. Елдегі өзгеріске қатысты тұрғындар біруі керек шаралар бар, деп хабарлайды KYN.KZ.
"Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа қоюы керек", - делінген қаулыда.
Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін орнатуды уақытты есептеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына кірген қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар ұсынған. Жұмыс тобына қатысушылар UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс және оңтайлы нұсқа екенін, Қазақстанның көптеген өңірі табиғи уақытқа ең жақын уақытты пайдаланатынын айтып, ортақ пікірге келді.
Пойыз бен ұшаққа кешігіп қалмау үшін не істеу керек?
Жаңа уақыт белдеуінің енгізілуімен рейстер де өзгереді. Азаматтық авиация комитеті рейстің ұшу және ұшып келу уақытын өзгерту мәселелері бойынша жолаушылар мына нөмірлерге жүгіне алатынын хабарлады: +7 7172 798214 +7 7172 798213 Рейстің мәртебесін нақтылау үшін жолаушылар әуежайдың анықтамалық қызметтеріне, авиакомпаниялардың қосымшалары мен колл-орталықтарына хабарласа алады:
Air Astana: + 7727244 44 77, +7 7172 58 44 77, +7 702 702 44 77; FlyArystan: +7 727 331 1010 (WhatsApp +7 702 702 0227); SCAT: +7 7252 99 88 80; Qazaq Air: + 7 727 356 14 14. Жолаушылар пойыздарының жүру кестесіне де өзгерістер енгізілді.
Жаңа кестені ресми сайттар мен интернет-ресурстардан қарауға болады. Сондай-ақ жолаушылар ақпаратты 1433 нөміріне хабарласып немесе @KTZH_PP_BOT Telegram боты арқылы тегін ала алады.
Гаджеттердегі уақытты қалай өзгертуге болады?
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі сағат белдеуінің өзгеруіне қатысты ұсынымдар жариялады. Құрылғыда автоматты жаңарту қосулы болса, уақытты автоматты анықтау параметрлерде қосылған және интернетке қосулы болған жағдайда, уақыт автоматты түрде өзгереді, егер болмаса, оны қолмен өзгерту керек. Жалпы ұсыныстар Интернет байланысын тексеріңіз. Уақытты автоматты түрде жаңарту үшін құрылғы желіге қосулы болуы керек. Уақытты автоматты түрде жаңартуды қосыңыз.
Көптеген құрылғылар онлайн уақыт қызметтерін пайдаланып күн мен уақытты автоматты түрде жаңартуға мүмкіндік береді. Құрылғыны қайта іске қосыңыз. Кейде өзгертулер күшіне енуі үшін қайта іске қосу қажет.
Операциялық жүйе нұсқаулары Windows Басқару тақтасы > Сағат және аймақ > Күн мен уақыт тармағын ашыңыз. "Интернет уақыты" қойындысына өтіп, "Параметрлерді өзгерту" түймесін басыңыз. Интернет уақытымен "Синхрондау" опциясы қосылғанына көз жеткізіңіз және "Қазір жаңарту" түймесін басыңыз. Автоматты жаңарту жұмыс істемесе, Күн мен уақыт қойындысына өтіп, "Күн мен уақытты өзгерту" түймесін басып, дұрыс уақытты қолмен орнатыңыз. macOS Жүйе теңшелімдері > Күн мен уақыт тармағын ашыңыз. Күн мен уақытты автоматты түрде орнату опциясы таңдалғанын тексеріңіз. Қолмен конфигурациялау қажет болса, осы опциядан құсбелгіні алып тастап, қажетті өзгертулерді қолмен жасаңыз.
Android Параметрлер > Жүйе > Күн және уақыт тармағын ашыңыз. Күн мен уақытты автоматты түрде анықтау және Автоматты уақыт белдеуін қосыңыз. Автоматты орнату жұмыс істемесе, осы опцияларды өшіріп, күнді, уақытты және уақыт белдеуін қолмен орнатыңыз. iOS (iPhone мен iPad) Параметрлер > Жалпы > Күн мен уақыт тармағына өтіңіз. Күн мен уақыт параметрі опциясы үшін Автоматты қосыңыз. Қажет болса, бұл опцияны өшіріп, дұрыс уақыт пен күнді қолмен орнатыңыз. Қиындық туындаған жағдайда не істеу керек? Операциялық жүйе жаңартуларын тексеріңіз.
Құрылғыңыздың ОЖ соңғы нұсқасына жаңартылғанын тексеріңіз. Басқа желі уақыты қызметіне ауысу. Кейбір операциялық жүйелер баламалы уақыт серверлерін таңдауға мүмкіндік береді. Уақыт белдеуі параметрлерін тексеріңіз. Орналасқан жеріңіз үшін дұрыс уақыт белдеуін таңдағаныңызға көз жеткізіңіз. Желі параметрлерін қалпына келтіріңіз. Кейбір құрылғыларда желі параметрлерін қалпына келтіру уақытты автоматты түрде синхрондауға қатысты мәселелерді шешуге көмектесуі мүмкін. Қолдау қызметіне хабарласыңыз. Мәселе шешілмесе, кәсіби көмек қажет болуы мүмкін.
Намаз уақытына өзгеріс енгізіле ме? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми www.muftyat.kz сайтындағы намаз кестесінен өзіңізге қажетті ауыл мен қаладағы намаз уақыттары жайлы мәліметтерді алуға болады.
Кейбір жүйелер уақытша істемеуі мүмкін "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ бірыңғай UTC +05.00 уақыт белдеуіне көшуге байланысты 2024 жылғы 29 ақпанда сағат 22:00-ден 2024 жылғы 1 наурызда 02:00-ге дейін техникалық жұмыстар жүргізілетінін хабарлады. Осы уақыт аралығында мына жүйелер уақытша істемейді:
eGov.kz порталы және оның құрамдас бөліктері;
egov mobile мобильді қосымшасы; "Е-нотариат" бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі;
"Техникалық бақылау" бірыңғай ақпараттық жүйесі;
e-Otinish электрондық өтініштер қызметі.
Жаңа уақыт астаналық қоғамдық көліктерге қалай әсер етеді?
"City Transportation Systems" ЖШС баспасөз қызметі Астанада қоғамдық көліктер жұмысында іркілістер байқалуы мүмкін екенін ескертті. Көлік компаниясының Instagram-дағы таратқан ақпаратынша, 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге байланысты, кейбір қызметтерде ақаулар болуы мүмкін: аялдамалардағы ақпарат таблоларында маршруттардың келу уақыты көрсетілмеуі; бағдарлар қозғалысын бақылайтын мобильді қосымшаларда бағдарлар қозғалысының көрсетілмеуі (Яндекс, 2гис, Avtobys-қа қатысты); мобильді қосымшалар немесе төлем терминалдары арқылы жол ақысын төлеу жүйелері. "Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Қоғамдық көлік бекітілген кестеге сәйкес таңғы сағат 06:00-ден бастап жұмысын бастайды", - делінген хабарламада.
Ұялы байланыс жүйесінде шектеулер болуы мүмкін
Activ операторының баспасөз қызметі бірыңғай сағат белдеуіне көшуге байланысты ұялы байланыс жүйесінде шектеулер болуы мүмкін екені ескертті. "Қосымша сервистерге банктер, мемлекеттік сервистер және тағы басқа сияқты серіктестер жүргізетін уақыт белдеуін өзгерту бойынша техникалық жұмыстар әсер етуі мүмкін екеніне ескертеміз. UTC + 5 жаңа уақыт белдеуіне өтуге байланысты техникалық жұмыстар салдарындағы ықтимал шектеулерді болдырмау үшін Тарифіңіз бойынша төлемді алдын ала - ағымдағы жылдың 29 ақпанына дейін жүргізуді ұсынамыз", - делінген хабарламада.