"Кім ол, бірінші раундта нокаутқа түсіремін": Жәнібек Әлімханұлы бұрынғы чемпионның ұсынысына жауап берді
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы әлемнің бұрынғы чемпионы Крис Юбенктің ұсынысын қабылдады
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы Крис Юбенктің ұсынысын қабылдады. Бұл туралы KYN.KZ Жәнібек Әлімханұлының X желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Крис Юбенк пен Жәнібек Әлімханұлы шаршы алаңда кездесуі мүмкін екенін Юбенктің промоутері Калле Зауэрланд айтқан еді.
"Өткен аптада Крис екеуіміз сөйлестік. Бізде нұсқа көп. Брук немесе Әлімханұлымен екі титул үшін жекпе-жек өткізу деген нұсқа бар. Брукпен жұдырықтасу Ұлыбритания жұрты үшін тамаша болар еді, бірақ халықаралық деңгейде орта салмақта Жәнібек мықты саналады. Біз қаржы жағынан тиімдірегін таңдауымыз керек", – деді Калле Зауэрланд.
Жәнібек Әлімханұлы бұл мәлімдемеге X желісіндегі ресми парақшасында жауап берді. "Юбэнк? Кім ол? Боксшы ма? Чемпион ба? Егер ол боксшы болса, мен оны бірінші раундта нокаутқа жіберемін, иншаллах", – деп жазды қазақстандық боксшы.
Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет шаршы алаңға 2023 жылы қазанда шықты. Ол кезде қазақстандық боксшы Германия өкілі Винченцо Гуальтьериді нокаутпен жеңіп, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған еді.