Қайрат Сатыбалды мемлекетке тағы 82,6 миллиард теңге қайтарды
Асхата Жұмағали Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты жүргізіліп жатқан соталды тергеу туралы айтты
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің былтыр атқарған жұмысының нәтижелері жөнінде есеп берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылы жемқорлыққа қатысты 1 692 қылмыс тіркеліп, 1 324 адам әшкереленгені баяндалды. Оның 161-і түрлі деңгейдегі басшылар. 1 221 іс сотқа жіберілді.
Агенттік төрағасының айтуынша, 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,02 триллион теңге (2,2 миллиард АҚШ долларынан астам) көлемінде мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған.
Мемлекет басшысына бірқатар қылмыстық істі тергеу барысы туралы мәлімет берілді.
Асхат Жұмағалидің айтуынша, "ӨКМ" операторы" ЖШС-не қатысты аяқталған қылмыстық істер бойынша Қостанай және Қарағанды облыстарындағы жалпы құны шамамен 20 миллиард теңге болатын 2 зауыт мемлекет меншігіне өтті.
"Қ.Сатыбалдыұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында биыл ақпан айында бюджетке тағы да шамамен 82,6 миллиард теңге (185 миллион АҚШ доллары) түсті. Бұдан бөлек, Ақмола облысының Қосшы қаласындағы 942 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның нарықтық құны 13 миллиард теңгеден асады", - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали.