"100 миллиондап табамыз": Ұланғасыр Қамиевтің продюсері неге шоу-бизнестен кеткісі келетінін айтты
Продюсер: Шоу бизнесте мінезі жоқ адам ұзақ жұмыс істей алмайды
"Қызыл раушан" хит әнімен аз уақытта танымал болған Ұланғасыр Қамиевке, оның жұлдызын жаққан Назерке Жартынның жұмысына таңдай қаққандар аз емес. Тіпті продюсердің өзіне "менің балама продюсер болшы" немесе "мені жобаңызға алыңызшы" деп өтінген хаттар толассыз келеді екен. Алайда продюсер kaz.nur.kz тілшісіне берген сұхбатында болашақта бұл салада қызмет етпейтінін ашық айтты.
- Назерке ханым, әңгімені өзіңізден бастайықшы. Өзіңізбен алғаш сұхбаттасқан кезде орамал тақпайтын едіңіз. Оған келуіңізге не себеп болды?
- Студенттік кезімнен бастап мен дінді танып білдім. Намазды бұрыннан оқып жүрдім. Бірақ орамал тағуға бұрынғы жұмыс орным рұқсат етпеді. Ал кейін продюсерлікке бет бұрдым. Қазір мен ешкімге бағынышты емеспін, өзіме жұмыс істегендіктен еш ойланбастан орамалға келдім. Орамал тағу үлкен жауапкершілік. Сондықтан бұрынғы қызметімнен шыға сала орамал тақтым деп айта алмаймын. Бәрі Алланың қалауымен болды. Сонымен қатар мен кіші қажылықты да былтыр өтеп қайтқанмын. Қазір барлығын әлеуметтік желіге салып, жария жасайды ғой. Бірақ мен бұған дейін оны ешқайда айтқан емеспін. Құлшылық ол менің жеке парызым деп білемін.
- Орамалға дейінгі және кейінгі өміріңізде, мінез-құлықтарыңызда өзгерісті байқадыңыз ба?
- Мінез-құлық ол ата-ананың тәрбиесімен бойға бітетін дүние. Оның орамалға еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Бұған дейін мені таныстарым нәзік, сыпайы, жуас деп тануы мүмкін. Бірақ шоу-бизнес әлемінде мінезі жоқ адам ұзаққа бармайды. Кейде пендешілікпен ұрысып та қаламыз, кейде сабырлы боламыз.
- Парақшаңызда 100 мыңнан астам оқырманыңыз бар. Бірақ аса белсенді емес екенсіз. Уақыт жоқ па, әлде қызығушылық жоқ па?
- Иә оқырмандарым бар. Көңіл-күйіме байланысты және уақытым болған кезде күнделікті өмірімді салып отырамын. Бірақ тура блогерлер сияқты 24/7 әлеуметтік желімен өмір сүруге әзірге үйренбедім. Уақыт та, қызығушылық та жоқ деуге болады.
- Қазір кішкене тәжірбиесі болса онлайн курс өткізу трендке айналған. Хит әнші дайындайтын продюсер болуға арналған курс өткізу жоспарыңызда жоқ па?
- Мен хитмэн әнші шығарудан гөрі, бір айда 100 мың теңгеден қалай 100 млн теңге табуға болады деген мотивациялық тренинг жүргізсем, халық көбірек жиналатын сияқты. Себебі расымен мен продюсер болғанға дейінгі айлық табысым 100 мың теңге, қазір шүкір 100 миллиондап табамыз. Ал хитмен әнші жасауға, продюсер болуға екінің бірі материалды да, моральды да түрде шыдамас деп ойлаймын.
- Продюсер әріптестеріңіздің арасында "мен көлеңкеде қалғым келмейді. Себебі жұмыс тоқтаған кезде әншілер әнмен, аудиториямен, ақшамен кетеді. Ал продюсер түксіз қалады. Сондықтан жеке брендке барлық продюсерлер жұмыс жасау керек" деген пікір бар. Сіздің ойыңыз қандай?
- Ол әр продюсердің өз таңдауы деп ойлаймын. Қаласа атын брендке айналдырса болады немесе жасырын жүрсе де болады. Болашақта мен продюсер болып, бұл салада жұмыс жасағым келмейді. Ұланғасырға продюсер болудағы басты себеп: оның арман-мақсатына жетуге көмектескім келді. Және адами тұрғыдан да қарадым. Дәл қазірдің өзінде "Продюсер болыңызшы" деп жазатын қыз-жігіттер бар. Бірақ мен біреудің тағдыры үшін жауапты болғым келмейді. Танымал болғанға дейін бір бөлек, жұлдыз болғаннан кейін іс-әрекеттері бір бөлек болып өзгеріп кететін талай адам бар. Сондықтан мен енді жоба алмаймын.