"Байлап, бетін тіліп, пышақ сұққан": Алматы облысында төрт баланы азаптаған ер адам туралы жаңа дерек шықты
Балалар мен олардың анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Алматы облысы, Таран ауылында 15 ақпанда ер адам төрт баланы байлап, ұрып-соғып, азаптады деген күдікке ілінген еді. Сол күні азапты сәтті басынан өткерген төрт бала оқиғаның қалай болғанын "Көреміз" бағдарламасында айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ
Төрт баланың анасы дүкенге кеткен сәтте 47 жастағы азамат терезені сындырып, үйге баса көктеп кірген. Үйдегі бір баланың қол-аяғын байлап, екіншісінің ернін тілген. Ал қалған екі бала сол сәтте мектептен келген. Оқушылар қақпаны ашқан бойда күдіктене бастадық дейді.
Үйдің үлкені қашып құтылуға тырысқанымен еңгезердей еркек дес бермеген көрінеді. Алысып-арпалысып, ақырында оқушының сөмкесіне жармасып, арқасына пышақ сұққан.
"Терезені сындыруға кетті. Бір уақытта қашып бара жатқан кезімде сөмкемнен ұстады. Сосын әрі қарай қашайын деп едім, арқамнан 3-4 рет пышақтады", - деді балалардың бірі.
Қалған балалар да күдіктімен арпалысып, қолдарына түскен ыдыс-аяқты лақтырған. Ақырында ашуға әбден булыққан еркек кенже баланың көзін көгертіп, аяқ-қолын кісендепті. Ең сорақысы Қаршадай қызды арғылау бөлмеге апарып әбден қорқытқан.
Минут сайын жылаған балалардың дауысын естіген көршілері үйге келген. Бірақ бұл мезетте ер адам сынған терезеден қашып үлгерген.
Балалардың анасы төрт баласына қорлық көрсеткен ер адаммен кездейсоқ Tik-Tok арқылы танысқан екен.
Төрт баланың анасы ер адаммен мұсылманша неке қиып та үлгерген. Ал 47 жастағы ер адам құрылыс саласында жұмыс істейді. Бұған дейін де бірнеше рет істі болған. 2007 жылы Қылмыстық кодекстің 120 бабы "Адам зорлау" ісі бойынша 13 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын өтеп шыққан соң алматылық Айгүл есімді әйелге үйленген. Ерлі-зайыпты үш жыл отасып, артынша ажырасқан.
Ал күдіктінің қарындасы Маржан Исақұлованың айтуынша, ағасының жауыз әрекетке баруына Ақмаралдың түсік жасатуы себеп болған.
Қазіргі таңда балаларды қорқытқан күдікті қамауға алынған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу әрекеттері жүріп жатыр.