Алматыда жер сілкінісінен кейін бірнеше университет пен жатақханаларға зақым келді
Жер сілкінген күні барлық студент аудиториялардан шығарылып, сабақ тоқтатылған
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жер сілкінісінен кейін зақым келген оқу ордалары туралы айтты.
Министрдің айтуынша, жер сілкінісінің салдарынан бірнеше университет пен жатақханаларда қабырғалар жарылып кеткен.
"Айта кетсек, Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте, Абай ұлттық университетінде, қыздар университетінде және бірнеше жатақханамызда кішігірім проблемалар болды. Біз әкімдіктен арнайы мамандар мен тәуелсіз сарапшыларды шақырып, ғимараттарды араладық. Үлкен жүйелік құрылымдық өзгерістер болған жоқ. Сондықтан өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз", - деді Саясат Нұрбек мәжіліс кулуарында.
Ол жер сілкінген күні барлық студент бірден университеттерден шығарылып, сабақ тоқтатылғанын атап өтті. Сонымен қатар, сол күні өтіп жатқан ҰБТ да тоқтатылып, басқа күнге ауыстырылған.
"Барлық студентті жатақханаға жібердік, жатақханада қазір арнайы күзет ұйымдастырылды. Біздің проректорларымыз кезек-кезекпен жатақханаларды аралап жүр. Қажетті шаралардың бәрі қолға алынды", деп сендірді ведомство басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, 4 наурыз күні Алматыда бес балдық жер сілкінісі болды. Әлеуметтік желіде зақым келген ғимараттардың фото-видеосы тарады. Бір адам зардап шеккен.