Депутат көпбалалы аналарға тісін тегін емдетіп беруді ұсынды
- автор Admin
- 7 наурыз, 2024
- 577
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров көпбалалы аналарға тісін емдету үшін бір реттік төлем енгізуді ұсынды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Депутаттың пікірінше, мемлекеттің басты құндылығы адамды дүниеге әкелетін әйелдерге мемлекет тарапынан қамқорлық жасап, олардың жан-дүниесін аялап, денсаулығына мән беру – басты міндет, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Елімізде бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақы бар. Оның мөлшері 1-3 балаға – 140 мың теңге, төрт және одан көп балаға 232 мың теңгені құрайды. Бірақ, шынына келсек, бұл әйелге өтемақы емес, баланың күтіміне берілетін сома. Ал Ресейде ана капиталының сомасы бірінші балаға 639 мың рубль немесе 3 млн 195 мың теңге, екінші балаға 883 мың рубль немесе 4,4 млн теңгеге тең. Біздің өтемақымен салыстыруға келе ме? Әрине жоқ. Қазақстанға да лайықты, әділетті ана капиталын жасақтайтын уақыт жетті. Бұл кезек күттірмейтін мәселе", - дейді Сайыров премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.
Сондай-ақ депутат көпбалалы аналарға тісін емдету үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетуді ұсынды.
"Ана бала көтергенде, құрсақта баланың қалыптасуына кальцийді көп жұмсап, өзінің тісінен айырылатыны – медициналық факт. Көпбалалы атанған 543 мың әйелдің барлығының басында бар зор проблема – ол тістің түсуі. Қазақстанда стоматологияның бағасының күйіп тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан көпбалалы аналарға тісін жөндеу үшін бір реттік қаржылық төлем қалыптастыру қажет", - деп санайды мәжілісмен.
Сайыровтың айтуынша, бала тапқан әйелдердің денсаулығын қалыпқа келтіріп, ұстап отырудың мемлекеттік стандарттары қажет. Осы мәселе бойынша үкімет нақты қадамдар жасауы керек, деп түйіндеді сөзін ол.